ТҮРКІСТАН: ВИЦЕ-МИНИСТР ШАҒЫМ ТҮСІРУГЕ АРНАЛҒАН МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАНЫ ТАНЫСТЫРДЫ

Түркістан облысына арнайы іссапармен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық Полиция департаментіндегі жедел басқару орталығы мен бөлімшелердің материалдық — техникалық қамтамасыз етілуімен танысты.

ПД Жедел басқару орталығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. 548 бейнебақылау камералары арқылы Түркістан қаласының жолдары мен облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарда және аудандарда күнделікті бақылап, қылмыстардың алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Мәселен, аталған камералардың көмегімен полицейлер бүгінгі күнге дейін 93 қылмыс пен 64 445 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Сондай-ақ 21 дана автоматтандырылған жүйе камераларымен 282 417 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық тіркеліп, 4 миллиардтан астам теңгеге айыппұл салынған. Оған қоса Түркістан облысында 4 мобильді жылдамдық өлшеуіш кешендері жұмыс жасайды.

 

Вице – министр шағым түсіруге арналған жаңа мобильді қосымшаның қызметін кеңінен таныстырды. Еліміз бойынша ісе қосылған «SOS» жаңа мобильді қосымша арқылы кез-келген орын алған оқиғаға орай полицияға фото, видео және оқиға орын алған мекежайды тікелей жіберуге болады. Азаматтар полицейлердің хабарламаға орай қаншалықты жедел әрекет ететінін бақылай алады. Сондай-ақ, министр орынбасары тұрғындар жеке басына қауіп төнген жағдайда да аталған мобильді қосымша арқылы полицияға хабар бере алады. Кездесу кезінде «Цифрлық полицей», «Дабыл түймесі», «Баланы бақылау» секілді жаңаша жобалардың жұмысы таныстырылды.

Түркістан қаласының өзінде стационарлы-интеллектуалдық жүйелер орналастырылып, бұрылыстар, жүргіншілер жолағы, көліктердің арнайы орындарға дұрыс қойылуы бақыланып, фото-бейне түсірілімдер жасалады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының талаптарын орындау үшін полицейлерге 1164 бейнетіркегіш пен 954 планшет пайдалануға берілген.

Одан бөлек, ПД-ға тиесілі арнайы бөлімшелер үшін арналған көліктер көрсетілді. Сондай-ақ учаскелік және патрульдік полицейлердің мобильді жұмыс орындары бақыланды.

«Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы аз облыстардың қатарында. Қауіпсіздік саласы мен жалпы облыстағы ахуалды бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беремін. Киелі Түркістан қаласы тарихи әрі рухани өңір, туристік аймақ болғандықтан мұндағы тұрғындар мен келген қонақтардың қауіпсіздігі қатаң бақылануы қажет. Алдағы уақытта полицейлер цифрлық жүйеге толық көшуі тиіс. Ал бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда» — деді ҚР ІІМ-нің орын басары Сәкен Сәрсенов.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.