ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ БАЙҚАУЫ ДҮРІЛДЕП ӨТТІ

Түркістан төрінде Түркістан облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мереке – Республика күніне орай 19-20 қазан күндері халықаралық «Voice of turan» қазақ әндері байқауы өтті. Екі күні бойы әлем елдерінен келген қатысушылар қазақ әндерін шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, сонымен қатар еліміздің танымал жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлы Тұран даласын әнмен тербеген Халықаралық байқаудың бірінші күні шартараптан келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Екінші күні қатысушылар алдымен Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге орындады. Содан соң байқау талабы бойынша қазақтың танымал әндерін шырқап, қазылар алқасының бағасын алды. Әділ қазылар құрамында композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов (қазылар алқасы төрағасы), әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның, Татарстанның Халық әртісі «Құрмет» орденінің иегері Нұржамал Үсенбаева, әнші, композитор, продюсер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Медеу Арынбаев, әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Жанар Дұғалова, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Айгүл Қосанова, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлі бар.
Қазылар алқасының шешімімен Грузия елінен келген Татия Кобаладзе Гран-при иегері атанды. Ал 1-орын Татарстаннан келген Ильгиз Шайхразиевқа бұйырды. Жүлделі 2-орынды сербиялық Стефан Здравкович пен Польша әншісі Михал Качмарек иеленді. Үшінші орын Катарина Богичевич (Черногория), Христиана Данкова (Болгария), Навруза Махамаджановаға (Өзбекстан) бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар, ал Гран-при иегеріне арнайы статуэтка табысталды.
Айта кетейік, бұған дейін аталмыш байқау 2 рет онлайн түрде өткен болатын. 2020 жылы Молдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Жобаның бас продюссері – Мейіржан Алиакбаров. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті байқаудың жабылу салтанатында ән шырқады. Бүгінде олар қазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.