ТҮРКІСТАНДА «ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ – 2019» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Түркістанда Тәртіп сақшыларының қатысуымен дәстүрлі облыстық «Парасатты полицей» байқауы өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен байқауға Полиция департаментіне қарасты қала-аудан полиция басқарма бөлімдерінен барлығы 13 команда қатысты. Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова сайысқа қатысушыларды құттықтап, байқаудың мақсатына кең көлемді тоқталып өтті.
«Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру, «Жастар жылын» қолдауға байланысты, жас және білікті полицейлерді таныту, полиция мамандығының деңгейін өсіріп, оң имидж қалыптастыру. Сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тіліміз «қазақ тілінің» мәртебесін нығайту», – деді ол.
Байқауға қатысушы полицейлер жиналған қауымға жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы екендігін танытып, өз өнерлерін, білім-біліктілігін көрсетті. Сондай-ақ, полицейдің де ән шырқап, би билеп, әзіл айтатыны, шығармашылыққа жақындығы жиналған жұртты сүйсіндірді.
«Парасатты полицей» байқауының қорытындысында әділ қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде алған – Төлеби ауданынан келген «Төлеби қырандары» командасы үздік деп танылды. Бірінші орынды – Арыстық «Арыс айбыны» қанжығасына байласа, екінші орынды – Жетісай АПБ-нің «Қыран» тобы мен Шардаралық «Шардара – Шағала» командалары өзара бөлісті. Ал үшінші орын — Сарыағаштық «Сарыағаш қырандары» және Ордабасы АПБ-нің «Ордабасы қырандары» командаларына бұйырды. Бұған қоса, 6 номинация бойынша өзге де командалар жеңімпаз болып танылды.
Жалпы жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған командаларға бағалы сыйлықтар мен диплом, алғысхаттар табыс етілді. Түркістан облыстық полиция департаментің «Парасатты полицей – 2019» байқауында жеңімпаз деп танылған «Төлеби қырандары» командасы республикалық байқауға жолдама ұтып алды.