Түркістанда партиялықтар әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқыланды

«Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау   бөлмесіне жыл басынан бері 200 астам арыз-шағымдар түскен, олардың 50 пайызы әлеуметтік мәселелер бойынша. Атап айтқанда, 55 азамат — әлеуметтік көмек, 41  — жұмысқа орналасу, 22 тұрғын — үй немесе жер учаскесін алуға көмек сұраған.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Қоғамдық қабылдауға өтініш білдірген әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың өзекті мәселелерін шешу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды.  Мәжіліске мемлекеттік мекемелермен қатар үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Темірбаевтың айтуынша елімізде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлерді қолдаудың арқасында көптеген жұмыс орындары ашылып, қала тұрғындарының, тұтастай еліміздің әлеуметтік ақуалы дұрысталған.

— Алайда, «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштендің басым көпшілігі жұмысқа орналасу, әлеуметтік жағдай мәселесі. Біз өтініштерді қарап, дер кезінде мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлерге жолдап, орындалуын қадағалап отырмыз. Осы жұмыстардың нәтижесінде 25 азаматқа нақты  әлеуметтік көмек көрсетіліп, 12 азаматты тұрақты жұмысқа орналастырдық, — деп атап өтті.

— Азаматтарды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру мен үйлестіру біздің мекеменің тікелей міндеті. Түркістанда  бүгінгі таңда кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы дамып келеді. Қалада жыл басынан 4316 жаңа жұмыс орындары ашылды, нәтижесінде  жұмыспен қамтылғандар саны 33,9 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,4 %-ға өскен, — деді Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрбибі Бурибаева.

Ал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша жыл соңына дейін  қаладағы индустриалды аймақта орналасқан   2 жобаның  іске қосылуы күтілуде.

— Бұл өз кезегінде жаңадан 110 жұмыс орнына екі қолына бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасайды, — деді ол.

Сонымен қатар, дөнгелек үстел барысында атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған отбасыларға материалдық қолдау шаралары, мүгедек жандар үшін қайырымдылық акциялары туралы да сөз болды.

Дөнгелек үстелге қатысушылар «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдауына  түскен өтініштер толық шешілуін қамтамасыз етуге біркісідей атсалысатынын жеткізді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.