ТҮРКІСТАНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН «ПРЕМЬЕР-ЛИГА» БАСТАЛДЫ
Жуырда Түркістан облысы әкімдігінің есеп беру жиынында жас тұрғындардың бірі өңір басшысына жасөспірімдер мен жастар арасында футболдан жарыс өткізу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Жансейіт Түймебаев жұртшылық алдында бұл бастамаға қолдау көрсетенінін әрі жарыстың ашылу салтанатына арнайы баратынын мәлімдеген-ді. Уәде орындалды.
Кеше Түркістан қаласында жаңадан ашылған «Жастар ресурстық орталығының» спорт алаңында футболдан облыс әкімінің жүлдесіне арналған қала чемпионаты басталды. Дүбірлі бәсекеге Түркістандағы шағынаудандар мен елді мекендерден 30 команда қатысуға құлшынып отыр. Аула клубтары арасындағы жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жасөспірімдер мен жастар спортпен шұғылданып, үйрімелерге қатысып жүрсе, жаман әдеттерден аулақ болады. Аула клубтары арасындағы бұл чемпионат бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп сенемін», – деген ол Түркістанда заман талабына сай спорт кешендері мен мектептері көбейетінін айтты.
Шағын футбол додасы бірнеше айға дейін созылады. Спортсүйер қауым бұны Түркістан қаласының кішігірім «премьер-лигасы» деп те бағалауда. Облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері, үздік ойыншыларына бағалы сыйлықтар тапсырылады. Алдағы уақытта Түркістанда спорттық сайыстар саны артады. Бұл өз кезегінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайтады деген сенім бар.