ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ БІР «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласындағы «Бекзат» шағынауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік орталыққа арнайы барып, ел ақсақалдарымен, ардақты аналарымен кездесті. Еркін пікір алмасып, ұсыныстарын, ойларын тыңдады.
– Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – міндетіміз. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүріп, облысымыздың аудан, қалаларында «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары ашылып жатыр. Бүгін тағы бір жаңа орталыққа келіп тұрмыз. Маған аға буынмен сөйлескен, пікір алмасқан өте ұнайды. Шынын айтсам, аталарымызбен, апаларымызбен сөйлессем, ойым сергіп, демалып қаламын. Сіздер – ұрпаққа үлгі бола білген буынсыздар. Ел бірлігін сақтау, қоғамды дамытуда әлі де қосар үлестеріңіз мол. Денсаулықтарыңыз мықты, өмірлеріңіз ұзақ болсын! – деген Дархан Сатыбалды ғимараттың бөлмелерін аралап шықты.
Түркістан қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-іне қарасты «Белсенді ұзақ өмір» секторының №1 филиалында зейнеткерлер үшін өте қолайлы жағдайлар жасалған. Денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлмесі бар. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге толық мүмкіндік қарастырылған. Бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. «Бекзат» шағынауданының ел ағалары мен әжелері осындай арнайы ғимарат ұсынған облыс, қала басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, «Бекзат» шағынауданында 8 мың зейнеткер бар. Енді олар осы орталықтың қызметін үздіксіз пайдалана алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі