ТҮРКІСТАНДА «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫН ДАМЫТУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері Түркістан қаласында ашылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының жоспарымен, ұйымдастыру барысымен, мүмкіндіктерімен танысу үшін арнайы келді. Маңызды сапармен келген Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінің делегациясымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кездесті. Басқосуда арнайы экономикалық аймақтың тұжырымдамасы талқыланды. Жоба менеджментін жүзеге асыруда Түркия тәжірибесі қолданылатын болды.
– «TURAN» арнайы экономикалық аймағын құрып, жұмысын бастаудан үміттіміз. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеясын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Индустрияны дамыту жағынан Түркияның үлкен тәжірибесі бар. Бұл – халықаралық деңгейдегі экономикалық аймақ болуы керек. Жұмысты неғұрлым тез бастап, өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз. Түркістанда индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақ құрылған. Енді ол тағы бір экономикалық аймақпен толығады. Жергілікті әкімдік тарапынан «TURAN» арнайы экономикалық аймағына жер беріп, инфрақұрылымын жасақтауға қолдау көрсетуге дайынбыз. Аймақта өндірісті дамыту аса маңызды, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Әлемдік нарықта беделді ірі компания сапаршыларының кеңесіне жүгіне отырып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағын халықаралық деңгейде дамыту көзделген. Кездесуде Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман Түркістанда өндірісті дамытуға Түркияның ірі инвесторларының қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жергілікті биліктің қолдауына ерекше тоқталды.
– Бүгін Түркістанға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бірнеше мемлекеттен түрлі министрлік өкілдерінен құралған делегациялар арнайы келіп отыр. Оларда бұл салада ақпарат пен тәжірибе бар. Енді делегация мүшелері арнайы экономикалық аймақтың жай-күйін, болашағын, жоспарын саралап, арнайы баяндамалар әзірлейді. Бұл – бірінші қадам. Ең алдымен сараптама жасап алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, бұл бастама заңмен бекітіліп, жүзеге асқаннан кейін біз Түркістанға ірі кәсіпкерлер мен өндірушілерді жібереміз. Әсіресе Түркиядан инвесторлар көбірек келеді деген болжам бар. Олар инвестиция салады деген сенім мол, – деді ол.
Кездесуде Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан өкілдері де өз ұсыныстарын айтып, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендерін жеткізді. Түркістанда іскерлік байланысқа қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев экспортқа бағытталған «TURAN» АЭА жұмысына күш салынып, бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Мемлекет басшысы еліміздегі кең инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Түркістан қаласында түркі елдерін біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынғаны белгілі. Ерекше мәртебе берілген «TURAN» АЭА аясында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өндіріс орындары, біріккен кәсіпорындар ашылады деп жоспарланған. «TURAN» АЭА ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, машина жасау, электр жабдығын өндіру, туристік және білім беру кластерлерінен тұратын өнеркәсіптік-өндірістік кластер құруды, сондай-ақ өзара тиімді сауда қатынастарын орнатуды көздейді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.