ТҮРКІСТАНДА ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ КІРПІШІН КҮЙДІРГЕН ПЕШ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық тобы Түркістан қаласы аумағындағы Қарашық өзенінің бойында XIV ғасырдың балшықтан жасаған кірпіштерді күйдіретін пештің орнын және антикалық дәуірге жататын Қарашық-1 қалашығынан түсті металл балқытатын пеш орнын анықтады.
-«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың ежелгі металлургиясы мәселесін де көтергені белгілі. Аталған мақала аясында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі бірінші ақпаннан бастап Түркістан археологиялық тобын құрып, тарихи ақпараттар негізінде археологиялық зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қарашық өзені бойындағы кірпіштерді күйдіруге арналған пештер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынған кезде пайда болған деген болжам жасалуда. Сонымен қатар, б.э.д. VI-III ғасырларға жататын Қарашық 1 қонысының жанында түсті металл балқытуға арналған пеш орны да Қарашық өзені бойынан анықталды. Қорық-музейдің басты бір мақсаты — кесененің ең құнды жәдігері Тайқазанның металлын балқытып жасаған пешін анықтау. Бұл бағытта зерттеу, зерделеу жұмыстары жүруде»,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Археолог ғалымдардың пікірінше Ясауи кесенесінің кірпіштеріне арналған топырақ Саураннан алынып, осы жерде дайындалуы әбден мүмкін. Бұл пікірді растайтын бірнеше дәлелдер де бар.
-«Өздеріңіз көріп отырғандай, осы аумақта кірпішті күйдіріп, даярлауға арналған үлкен орын болғаны анықталуда. Қазба жұмыстары нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіштеріне ұқсас өнімдер шығуда. Кесененің кірпіштерін осы жерде даярлауы мүмкін деген болжамымыздың бір дәлелі осы болса, екіншіден кірпіштерді жасауға шикі затты (балшықты) жасауға өте көп мөлшерде су қажет. Өйткені балшығын дайындау алдында топырақты қайта қайта сумен шайып, оны тұздан тазалайды. Бұл процес сапалы кірпіш жасау үшін өте маңызды болып келеді. Сондықтан кірпіш күйдіретін пешті өзеннің жағасында салған тиімді. Экономикалық тұрғыдан қарағанда топырақты Сауран өлкесінен тасып әкеліп, Түркістанның өзінде жасалуы дәлелге жақындау»-дейді археологиялық топ жетекшісі Бақытжан Нұрханов.
Үй орнындай аумаққа зерттеу жүргізген археологтар су кірпішті кептіретін орындардың да бетін аша бастады. Бірнеше ғасыр өтсе де от тиіп қызыл түске енген қабырғалар мен бөлмелер берік қалпын сақтап тұр. Үйінді астында қалған тарихи орынның сыры толықтай ашылғаннан соң, Түркістан мен Қызылорда күре жолы бойында ашық аспан асты музейі ашылуы мүмкін.
Ал, Қарашық- 1 қалашығынан табылған пеш орыны мен жан-жағында шашылып жатқан металдарды қорытудағы қалдықтар да терең зерттеуді сұранып тұр.