ТҮРКІСТАНДА ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ ӨТІП ЖАТЫР

 Түркістанға Жамбыл облысынан рухани-мәдени керуен келді. «Ұлы Жібек жолы. Тарих қойнауынан – түркілер бесігіне» атты Жамбыл облысының керуенін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен түркістандықтар құшақ жая күтіп алды. Көшті бастап келген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Түркістан мен Тараздың егіз қозыдай қалалар екенін жеткізді.
«Ғасырлардан-ғасырларға жалғасатын тарихы бар Түркістан мен Тараз қалалары еліміздің дамуына үлес қосып келеді.  Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «менің негізгі арман-мақсаттарымның бірі – осы Түркістанды тек түркілердің емес, мұсылман қауымының рухани орталығына айналдыру» деп еді. Міне, 2-3 жылдың ішінде Түркістанның қалай түрленіп жатқанына куә болып жүрсіздер. Өңірдің дамуына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы мол деп білеміз. Түркістан – маған жат емес. Осы жерде еңбек еткеннен кейін шаһарға жүрегім бұрып тұрады, Түркістан гүлденсе, қуанасың. Себебі қазақ елі үшін бұл қаланың орны бөлек. Бұған дейін Жамбыл облысы Түркістанға бір нысанды тарту еткен болатын. Біз бүгін Түркістанның руханиятына өз үлесімізді қосайық, тұрғындары мен қонақтарына көңіл-күй сыйлайық деп арнайы керуенмен келіп отырмыз» дей келе қаланы түрлендіруде Өмірзақ Естайұлының ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары екенін де атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды  дамытамын, халықаралық деңгейде атын шығарып, тарихи әділдікті орнатамын деп жүретін. Ол ұлы мақсат орындалып, бүгінде Түркістан жаңғыруды бастан өткеруде. Оған барлық облыс, күллі Қазақ елі үлес қосып жатыр. Мінеки, бүгін жаңарған Түркістанға көршілес Жамбыл облысынан керуен келді. Бұған өте қатты қуанып тұрмыз. Бердібек Мәшбекұлымен Үкіметте кездескенімізде Түркістанға ең алдымен Жамбыл облысы барып, мәдени күндерін өткізуі тиіс екенін айтқан болатын. Сол бастама жүзеге асып отыр. Өзі де Түркістанның 1500 жылдығын өткізуге айрықша үлес қосқан азамат екенін білесіздер. Жамбыл облысы сыйға тартқан «Қабылдау орталығы» бүгінде туристерге сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Әрине, құрылыс  жүргізіледі, ғимараттар салынады. Бірақ оның бәрін мазмұнға толтыру керек. Қазір пандемия қолбайлау болып тұр, бірақ елдің рухын көтеретін іс-шаралар жиі өтуі тиіс. Бүгін арнайы келген жамбылдықтарға алғысымыз мол» деді.
  Түйе мен жылқылы керуенмен сән-салтанатымен келген жамбылдықтар мәдени күндерге ерекше дайындалған екен. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған Жамбыл облысының Түркістан облысындағы күндері мазмұнды іс-шаралармен өрнектеліп жатыр. Алдымен Түркістандағы облыстық оқушылар сарайында «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында педагогтардің кәсіби құзыреттілігін дамытудың педагогикалық негіздері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Ал Түркістандағы этноауылда «Тараз – Ұлы даланың көне шаһары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Сонымен бірге «Өткені – өнеге, бүгіні – бекем, болашағы – жарқын Жамбыл өңірі» атты жылжымалы мәдени іс-шарасы мен жамбылдық қолөнершілердің көрмесі де түркістандықтарға рухани байлық сыйлады. Тараз қаласының тарихынан сыр шертіліп, мәдениеті, тарихи жәдігерлері мен танымал тұлғалары ұлықталды. Шағын концерттік бағдарлама мен жамбылдық ақын-жазушылардың кітап көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлерімен іс-тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Жамбылдық және Түркістандық жастар ұйымдарының көшбасшылары еркін пікір алмасып,  өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Меморандумға қол қойды.
Этноауылдағы рухани байлыққа толы іс-шаралардан кейін Бердібек Сапарбаев пен Өмірзақ Шөкеев және жамбылдық делегация  «Қабылдау орталығы» мен «Farab» кітапханасын және «Керуен сарай» туристік кешенін аралады. Әулиеаталықтар Түркістандағы жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістерге жоғары бағаларын берді.
Түркістандықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған әулиеаталық меймандар республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауының финалдық концертіне және марапаттау рәсіміне қатысты. Қос өңірдің басшылары ән байқауында жеңіске жеткен әншілердің өнерін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.
Жамбыл облысының Түркістан облысындағы күндері 13 қарашада да жалғасын табады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.