ТҮРКІСТАНДА ЖЕРГІЛІКТІ ӘСКЕРИ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Farab Library» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жергілікті әскери басқару органдары күніне» арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Түркістан облысы жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы, әскери іс-қимыл ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері және студенттер қатысты.
Жиналғандарды Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев мерекемен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының құрылу тарихы мен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Жергілікті әскери басқару органдарының азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу, әскерге шақыруға дейінгі жастарды кәсіби бағдарлау және әскери қызметтің беделін насихаттау мәселелеріндегі жетістіктері жайлы айтты.
— Осы уақыт ішінде біздің қызметіміздің барлық бағыттары бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдары құрылған сәттен бастап өткен 4 жыл ішінде Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарына 15 мыңнан астам әскерге шақырылушыны жөнелтті. 3 жыл бойы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері «Айбын» республикалық жастар жиыны аясында жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелер көрсетуде. Әрине, осының бәрінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауы үлкен рөл атқарады. Тек бір байламда ғана бізде жетістік болады, — деді ол.
Салтанатты шарада ардагерлер мен облыстың жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы алғыс хаттармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Әскерилер Түркістан қаласы мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айта кетейік, Түркістан облысы құрылғалы бері 15 000-нан астам жас азаматтық борышты өтеуге Қорғаныс істер жөніндегі департаментінен жіберілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.