Түркiстанның тынысында соны серпiн, тың құлшыныс
Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2018 жылдың 19 маусымында Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткені баршаға аян. Апта басында Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында баспасөз-мәслихатын өткізіп, жиынға келген республикалық БАҚ өкілдері және өңірлік төртінші билік өкілдері алдында жыл жемісін саралап айтып берді.
Небәрі бір жылдың ішінде өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы болған Түркістан қаласы жаңа тұрпатымен көз қуанышына айнала бастады. Оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқын алуына ел Үкіметі тарапынан қабылдаған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарының» маңызы зор болғанын айрықша атап өтуімізге болады. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны айқын болып отыр. Облыста көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен 40%-ға артып, 2019 жылы 103 464 мыңнан астам отбасы өтініш білдірген, оның 65 946-на атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1032 көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1724 пәтер тапсыру күтілуде. Жыл қорытындысымен 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға берілетін болады.
Облыста 2 қалалық, 4 аудандық емхананың құрылысы және Түркістан қаласында №3 облыстық периниталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхана және 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3315 жаңа жұмыс орындары ашылған болса, ол әлі жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер ететіні айқын. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын өміршең етудің барысында 24 478 адам жұмыспен қамту шараларына қатыстырылып отыр.
Облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген өзекті мәселелер шешімін тауып жатыр.
Баспасөз-мәслихатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын дамытудың барысындағы игі тірліктерді жіпке тізгендей ете отырып: «Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56%-ын газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83%-ға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан бой көтереді. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы»,-деді. Дәл қазір Түркістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Және экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленіпті. Соның бірі – Қасқасу туристік-рекреациялық кешені, «Ұлы Жібек жолы» ұлттық қол өнер шеберлері орталығын жасақтау, Шығыс базарын салуды аяқтау болып отыр. Мұндағы ауа-райының қолайлылығы, халықтың еңбекқорлығы – өңірдің инвестициялық қабілеттілігін көрсететін басты өлшемнің бірі болып есептелінеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асты. Облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аймағында радиусы 15 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасын жүзеге асыру басталып кеткен. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынып жатыр. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында жүзеге асырылу үстінде. Бір жылдық аз ғана уақыт ішінде облыста қол жеткізілген жетістіктер аз емес. Алдағы уақытта да одан ары қарай ел игілігі үшін атқарылатын қыруар игі істердің өз жалғасын таба беретіндігін сеніммен айтуға болады.
«Қазақстан жолы» – ақпарат
«Қазақстан жолы» газеті №23 (749) 22.06.2019 жыл