ТҮРКІСТАННЫҢ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ГАЗБЕН ҚЫЗДЫРЫЛА БАСТАДЫ

Былтыр Түркістан қаласының кейбір көпқабатты тұрғын үйлерінде жылу мәселесі туындап, тұрғындардан шағым түскені белгілі. Ал биыл қала жылу маусымына қалай дайындалды? Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, мониторинг жасады.
Бұл мекеме биылғы жылыту маусымына ерекше дайындалыпты. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстарына сәйкес, қазір мұнда жылыту қазандықтарын қатты отын емес, газбен жылыту жолға қойылған. Бұл тұрғын үйлердің сапалы жылумен қамтылуына оң әсерін тигізіп отыр.
«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерғазы Рысбековтың айтуынша, Түркістан қаласының газбен қамтылуы экологиялық тұрғыда өте тиімді.
«Бұрын жылу қазандықтарын қатты отынмен қыздыратын едік. Енді «көгілдір отын» арқылы жылытылады. Есесіне, қаланың атмосферасын бұзатын түтін тоқтады. Біз жылыту маусымына талапқа сай дайындық жүргіздік. Қазіргі таңда жалпы 114 көпқабатты үйді, 27 әлеуметтік нысанды, 32 кәсіпкерлік заңды тұлғаның нысаны мен 42 жер телімді тұрғын үйлерді жылумен қамтып отырмыз», – дейді ол.
Мониторинг барысында «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Темірбаев пен партиялық бақылау комиссиясының өкілдері жылыту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, жұмыс сапалы орындалуы тиіс екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.