ТҮРКИЯ МЕН СИРИЯНЫҢ ШЕКАРАЛАС АУМАҒЫНДА ТАҒЫ ДА ЖЕР СІЛКІНДІ

Жаңа зілзаланың қуаты 6,4 балға жетті. Түркияның Хатай провинциясында 3 адам опат болып, 200-ден астам тұрғын жарақат алған. Оның 18-нің жағдайы ауыр. Еуропаның Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы жер сілкінісінің ошағы 2 шақырым тереңдікте тіркелгенін мәлімдеді. Дүмпу Иордания, Кипр, Израиль, Мысыр аумағында да сезілді. Кейін тағы 5,8 балдық жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, іле-шала 32 жер дүмпуі болған. Түрік еліндегі зілзалалар салдарынан көз жұмғандар саны 41 мыңнан асты. Көптеген тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. 385 мың апартамент қирады. Президент Режеп Тайып Ердоған келесі айда жаңа 200 мың баспананың құрылысы басталатынын айтты.

Сирияның Алеппо қаласында жаңа зілзала кезінде 5 адам қайтыс болды. Жарақат алғандар саны әртүрлі. Мемлекеттік ақпарат агенттігі 6 тұрғын жараланды десе, оппозициялық күштердің «Ақ дулыға» ұйымы зардап шеккендер қатары 130-дан асты деп мәлімдеді. Үрейленген тұрғындар ғимараттарға кірмей, далада түнеп жүр. Жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған.

24.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.