Ұлт. Рух. Қаламгер.

МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ

Қарапайым халық та әбден дағдарып, дәрменсіздікке мойынсұнып болған

Біз үшін бүгінгі таңда ең қауіпті – ұлттық мүддеге, мәдениетке, салт-дәстүрімізге, тілімізге немқұрайлы қарау. Оны ең алдымен шенеунік, әсіресе лауазымы жоғары шенеунік естен шығармағаны абзал.

*    *    *

Менің өмірден түйгенім: аудан әкімі облыс әкімінің көңілінен шықса, облыс әкімі жоғарыдағылардың көңілінен шықса болды, халықтың күңкіл-сүңкілінен көп ыға қоймайды.

*    *    *

Қазақстан шенеунігі өз кәсібін игергеннен гөрі өзі отырған креслоны өз басы пайдасына пайдалануды алдымен меңгереді. Бұл бүгінгі шенеуніктің басты мақсаты. Оның ойы–өзі атқаратын қызметте отырып көп пайда табу.

*    *    *

Ақшасы көп, бай адам да көппен, халықпен санасуды қойды. Өзінің ештеңе оқымайтынын, тілін, тарихын білмейтінін мақтан көретін ақшалы көркеуделер де бой көрсете бастады. Бұған да төзуге болар еді, алайда соңғы кезде қарапайым халықтың өзі де ақша жасауға жанталаса кірісіп, еңбек сіңірмей, оңай жолмен байығысы келетіні жүректі сыздатады. Демек, жалпы жұрттың құлқына да біздің халқымызға мүлдем жат, жалған жолмен, өтірікпен, алдап-арбау арқылы мал табу сияқты мінездің ене бастағандығы. Бұл халықтың адал еңбек ету қабілетін төмендетеді, адалдығына, мәрттігіне нұқсан келтіреді.

*    *    *

Еліне, туған жеріне, халқына жаны ашымайтын адам жоқ, алайда айтарын ашып айта алмау бүгінгі қоғамға тән құбылыс. Қазақ қашанда ақсақалына, дуалы аузына қараған, солардың пікіріне сүйенген. Қазір жұрттың бәрі мойындаған бір шындық бар. Басқару жүйесі қорыққанын ғана сыйлайды. Ендеше, менің беделімнен қорқады екен деп тек бас пайдасын ғана ойлап кеткен ақсақалдарға тәубеге келіңіз, артыңызда халық бар демеске амалымыз жоқ. Дана халқымыз «Айтпаса, сөздің атасы өледі» дейді. Ендеше, сөздің атасын күнде өлтірмей, сізден әлі үміті бар қарапайым халқыңызға айтарыңызды айтып кетіңіз, ақсақал!

*    *    *

Қарапайым халық та әбден дағдарып, дәрменсіздікке мойынсұнып болған. Арыз — шағым жазып, әр есіктен бір қарауды азайтқан. Жазған арызынан бәрібір нәтиже шықпайтынына әбден көздері жеткендіктен болуы керек.

*    *    *

Депутаттар кеше өздерін сайлаған халыққа берген уәдесін ұмытып, олардың аманатын орындамай, өз білгендерін істеп жүр десек, артық айтқандықтан болмас. Депутатқа халықтың қамын жеп, ортақ мәселелерді көтергеннен гөрі жеке бизнесменнің, кәсіпкердің шаруаларын  тындырып берген әрі қолайлы, әрі пайдалы. Сондықтан да депутаттардың бүгінде араласпайтын шаруасы жоқ. Біреуді үлкен мекемеге бастық қылудан бастап, әр түрлі деңгейдегі тендерлер алып беру, үлкен фирмаларға ақшалы тапсырыстар іздестіру, басына іс түскен алпауыттарға араша түсу, пайдалы жерлерді бөлісуге қатысу сияқты сан алуан шаруалардың бәрінде депутаттар жүретіні тағы шындық.

*    *    *

Халық айтқан шағымға, сын пікірге құлақ аспай, қолында билік пен күш барлардың сойылын соғуға дайын тұру депутаттардың бәріне тән болып бара жатқан құбылыс екенін мойындауымыз керек. Сондықтан қарапайым халық кімді пана тұтады, кімге арқа сүйейді? Соны ойладыңыз ба, депутат мырза!

*    *    *

Ең нашар құлықты адамға берілетін баға – екіжүзділік. Дәл бүгін екіжүзді адамды базарда сауда жасап тұрған саудагерден бастап, әкімдердің де, министрлердің де арасынан көптеп табуға болды. Бұл дегеніміз – біздің қоғамда адамдардың өтірік айтуына, жауапсыз уәде беруіне, жауапсыз екіжүзділікке баруына толық жағдай жасалып отыр деген сөз. Адамдар заңға жүгіну арқылы әділдікке, ақиқатқа қолдарын жеткізе алмай зар болады. Заң дұрыс жұмыс істемегеннен кейін бұл қоғамда қандай шындық, әділдік болуы мүмкін?

*    *    *

Біз бүгін алдына барып жүгініп, араша сұрайтын, халықтың жоғын жоқтап, сойылын соғатын ақсақал таппай құлазимыз. Ең болмаса, әй дейтін әже, қой дейтін қожа таппай қиналған сәтте, аталы сөзін айтып, қара қылды қақ жаратын дуалы ауыз ақсақал шықпай-ақ қойды-ау деп түңілеміз. “Сонда бұл қазақтың ақсақалдары қайда кетті?” деген заңды ащы сұрақ туады. Ешқайда кеткен жоқ, жүр арамызда, жастармен жағаласып. Мына тексіз нарықтық экономика түсінген кісіге ақсақал деген ұғымның тас-талқанын шығарды.

*    *    *

Қарауындағы халыққа еміреніп, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, менің емес, елімнің көсегесі көгерсін дейтін ұлы тұлғаларға зәру заман бұл. Ал алда-жалда сондай асыл азаматты байқап қалсаңыз, үндемеңіз. Көзіңіз тиеді.

*    *    *

Кім болса да, тендерді өмірге енгізген адам алаяқ, қу, залым болу керек. Үкімет ақшасын жеуге бұдан артық әдісті ойлап табу мүмкін емес. Кез келген бір мақсатқа жарияланған тендердің бәрі әкімнің қолымен жасалатыны күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Айталық, өте ірі құрылысқа тендер жарияланды дейік. Қатысқан құрылыс компанияларының ішінен бұрын-соңды аты белгісіз біреу аяқ астынан жеңімпаз атанады. Кейін жаңағы белгісіз компанияңыз әкімнің өзінің немесе командасының адамдары болып шығады. Заң жүзінде бәрі дұрыс, кінә қоя алмайсың. Тек жаңағы компания салған құрылыс кейін өте сапасыз болып шығады. Бірақ, жабулы қазан жабулы күйінде қалады.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.