ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҚАЛЫПТАСТЫРМАЙ, ҰШПАҚҚА ШЫҒА ҚОЮЫМЫЗ ҚИЫН

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынып жатыр. Тың жобалар, теңдесі жоқ бағдарламалар… Бірақ, неге екенін, қанша жерден жаңа жобалар жасап, білекті сыбанып кірісіп кеткенімізбен, көсегеміздің көгеріп кеткені шамалы. Рас, мүлдем жұмыс жүрген жоқ деп те айта алмаймыз, бірақ айтылуы әйдік болғанымен, атқарылуы көңіл көншітпейтін шалажансар жұмыстарымыз да көп. Соның салдарынан қаншама бағдарламалар қолға алынғанымен, нәтижесі болмай, құрдымға кетті. Бүгін солардың көзге түсіп, ел арасында аз-кем ықпалы болғандарын ғана тілге тиек етіп, тізіп шығатын болсақ, ол төмендегіше өріледі.

Мәселен, осыдан сегіз жыл бұрын, яғни елде жаңа реформалар қолға алынып, жаппай жаңа дәуір құрамыз деп жанығып жүрген 2014 жылдары Қазақстанда елуге жуық мемлекеттік даму бағдарламасы жұмыс жасаған екен. Оның ішінде отыздан астамы экономиканың әртүрлі секторларына тікелей қатысты болса, қалғаны коррупциямен, терроризммен күрес секілді экономикалық емес бағдарламалардан құрылған. Алайда осы қаптаған даму құжаттарын оңтайландыру бағытындағы жұмыстардың қорытындысы жұртшылыққа жария етілмеді. Неге? Сол кезде елдің көкейіндегі осынау сауалға жауап алу үшін қоғам белсендісі Анель Өтегенова еліміздің бас экономисіне сауал жолдайды. Ұлттық экономика министрлігін тізгіндеп тұрған Руслан Дәленов сауалға барынша жауап беріп, сол тұста елімізде нақты он бес мемлекеттік бағдарлама ғана қалғанын айтқан. Атап айтқанда, олардың арасында мыналар бар: 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы; «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы; «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мембағдарламасы; Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы; Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мембағдарламасы; Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мембағдарламасы; Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мембағдарламасы; Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мембағдарламасы; «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы; 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту мембағдарламасы; Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мембағдарлама; «Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы» бағдарламасы; «Ұлттық инвестициялық стратегия» инвестициялар тарту бағдарламасы…

Ал, «Электронды Үкімет» порталында елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың мүлдем басқа тізімі ілініп тұр. Дегенмен, ондағы «Қазақстан және Қытай халық республикасының үкіметтері арасындағы 2015-2020 жылдарға арналған шекара маңындағы ынтымақтастық бағдарламасы», «Қазақ-станның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасы бүгінде әрекетсіз қал-ғаны байқалады. Сол 15 бағдарламаны қаржыландыруға жалпы сомасы 16,9 триллион теңге қарастырылған екен.

Бірақ, байқап отырғаныңыздай, елдің әл-ауқатын арттыруға біздің Үкімет аянып қалған емес. Оның белгілі бір дәрежеде нәтижесі де болғанын жоққа шығара алмаймыз, бірақ бұл жерде ұлттық идеологияға қатысты ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе таппай отырмыз. Қыруар қаржыны бөліп отырып, соған жанашырлық танытатындай, мемлекеттің әрбір тиынын өз қалтасындағы қаржыдай жанашырлықпен қарайтындай ұлттық идеология, патриоттық сезім қалыптастыра алмағанымыз өкінішті. Соның салдарынан мемлекеттен ұрлауды ғана мақсат тұтатын жемқор шенеуніктер, қанша алса да қарыны тоймайтын масыл қоғам қалыптасты. Ендігі жерде осы олқылықтың орнын толтырмасақ, адамдардың басына алтын үйіп қойсаң да ашкөз қоғамды тойдыра алмасымыз анық. Сол үшін осы жағын да ойласа жүрген жөн.

А.СӘТЖАН.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.