ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІМІЗДІҢ ДІНМЕН САБАҚТАСТЫҒЫ

Қазіргі кезде Қазақстанда Исламдық бағытты жамылып адасып жүрген әртүрлі ағымдар өздері түсінбегендіктен, қазақтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын арабтандыру немесе қандай да бір жалпыға ортақ исламдандыру бағытында шатасып жүргендер жоқ емес.

Теріс діни ағымдар қазақтардың тарихи дәстүрлері: бата беру, құда түсу, қыз ұзату, беташар жасау, қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы, жылын беру, жеті нан пісіру, әруақтарға құрмет ету, қасиетті жерлерге зиярат жасау, қажет десеңіз қазақтардың ұлттық киімі мен қазіргі жалпы адамзатқа тән киім кию үлгілерін және басқа да ұлттық сипаттағы қасиеттерін тәрк етіп, жоққа шығаруда. Оның орнына араб, парсылардың киім үлгілерін, салт-дәстүрін, тағы басқа қасиеттерін ендіру үшін әрекеттенуде.

Салт-дәстүрімізді, дәстүрлі Исламды жоққа шығару әрекеттерінің бірі – қыздарымызды қара киіммен тұмшаландыру, қаба сақал қойып, қысқа балақты шалбар кию.

Тарихи, дәстүрлі-ұлттық тұрғыдан да қазақ қыздары мен әйелдері ашық-шашық жүрмеген, есесіне эстетикалық тұрғыдан өте жарасымды ұлттық киімдер киген, бірақ бетін ешқашан тұмшаламаған. Әрине, қазіргі интеграция мен урбанизация заманында әйелдердің киімдері өзгерді. Діни киімдер де, ұлттық киімдер де екінші қатарға ысырылды.

Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниеге көзқарасы, ділі радикалдық діни ағымдардың талаптарына ашық қайшы келеді. Мысалы, қыз ұзату, беташар жасау, құда түсу, шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндетке отырғызу, құда шақыру – өте ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлер. Бұлардың Исламға ешқандай қайшылығы жоқ. Неге қазақтар уахабшылар, салафилер, т.б. керағар діни ағымдар талап етті екен деп осыншама ұлттық құндылықтарынан айырылуы тиіс. Болмаса, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын өткізу, оның киімдерін мәйітті жуған адамдарға таратып беру сияқты басқа да ұлттық рәсімдердің Исламға қандай қайшылықтары бар? Егер қазақтар өзінің тұрмыстық, мәдени, тағы басқа салт-дәстүрлерінен айырылса, онда күндердің күнінде ұлттық киімдерін, т.б. әдет-ғұрыптарын жойып, толығымен араб-парсының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына өтіп кетуі ғажап емес. Сондықтан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға берік болайық, ағайын!

Ұ. Маймақова, 

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігінің заңгері.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.