Ұлтын сүйген ұлы тұлға
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ұйымдастыруымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өтті.
Жиын барысында музейдің арнайы тапсырысымен түсірілген «Нәзірдің жарық жұлдызы» атты 40 минуттық тарихи деректі фильм мен «Нәзіртану негіздері», «Нәзір Төреқұлов: қоғамдық-саяси қызметі», «Н.Төреқұлов: архивтік құжаттар мен материалдар жинағы» және «Н.Төреқұловтың өзбек тіліндегі шығармалары мен материалдар жинағы» атты кітаптардың тұсаукесері өтті.
Аталған кітаптар қосымша оқу құралы ретінде тарихшылар мен қоғамтанушы ғалымдар жəне жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.
Осы орайда, аталған құнды дүниелер аудан, қалалардың орталық кітапханалары мен жоғары оқу орындарының кітапханасына сыйға тартылды.
Айтулы шараның мақсаты – ұлт мүддесі үшін құрбан болса да қажырлы қайраткерлігі ұрпаққа өнеге болған Нәзір Төреқұлұлының рухына тағзым ету, ұлықтау, оның ғибратты ғұмырындағы атқарған орасан зор еңбегін көпшілікке насихаттау, тереңірек таныту, тарих тұлғасын дәріптеу болып табылады.
Шараға облыстық, аудан, қалалық мәдениет мекемелері мен жоғары оқу орындары және жастар ісі бөлімдерінің басшылары, кітапхана меңгерушілері мен студенттер қатысты.
Жиында деректі фильм түсірілімі мен кітаптар топтамасын жинақтауда жəне ұлы тұлғаға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі барысында шығармашылық жұмыстар атқарған еңбек иелері мен рухани демеушілер марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.