ҰЛЫ ХАЛЫҚТЫҢ – ҰЛЫ АБАЙЫ

Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының  175 жылдығына арналған «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты іс-шара өткізілді.

Іс-шараның қадірлі қонағы болып жас ақын Дәурен Айманбетов, университеттің аға тәлімгері С.Бейсенбаев қатысты. Орталықтың барлық оқытушылары мен тыңдаушылары түгел жиналған кеште қазақ халқының санасын серпілткен ұлы ақын Абайдың қара өлеңдері мен қара сөздерін орталық тыңдаушылары тамаша мәнермен жатқа оқып, әсем әндерін құйқылжыта шырқады.

Орталықтың оқытушылары дайындаған Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы деректі фильм мен викториналық сұрақтар тыңдаушылардың Абайды тереңінен тануына ықпал етіп, шығармаларын білуге деген құштарлығын арттыра түсті.

Ақын Дәурен Айманбетовтың Абай Құнанбайұлы туралы айтқан әсерлі әңгімелері мен оқыған өлеңдері жастардың жүрегіне жігер беріп, саналарына сәл де болса нәр сепкендей болды.

Іс-шара соңында орталықтың аға оқытушысы, PhD докторы Изенбаев Бекнұрдың әсерлі әңгімелері мен орнықты ойлары өзге мемлекеттерден елімізге білім алуға келген жастардың отансүйгіштік сезімін күшейте түскендей, Абайдай ғұламасы бар қазақ ұлтының дана да дархан ел екендігін жүректеріне жеткізгендей болды. Жалпы осы іспетті тағылымды кештердің жиі ұйымдастырылып отырғаны жөн.

Ғ.ҚАСЫМХАН, Ж.СЫЗДЫҚ,

М.Әуезов атындағы  ОҚМУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық

 Орталығының аға оқытушылары.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.