ЯДРОЛЫҚ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ – КЕЛЕШЕК ҚУАТЫ
Бүгін белсенді жастардың қатысуымен «Жастар бейбіт атомды қолдайды!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқыға тұздық болған тақырып – Ы.Алтынсарин атындағы мектептің физика пәнінің мұғалімі Елдос Өмірзақұлы Бодықовтың «Ядролық электр станциясы – келешек қуаты» тақырыбындағы лекциясы.
Әуел баста Елдос Өмірзақұлы жастарға атом электр станциясының жұмыс істеу принципін ғылыми тілден қарапайым тілге тәпсірлеп түсіндірді. Оның қуаттылығы қандай болады, АЭСтердің қандай түрлері, АЭСтерді құрылысы қалай жүретіні турасында толғанды. Бүгінде әлемде жұмыс істеп тұрған ядролық электр станциялары туралы айтып берді. Сондай-ақ бүгінде елімізде атом қуатымен жұмыс істеп тұрған Маңғыстау Атом Электр Комбинаты туралы да сөз қозғады.
Физик мұғалым тоқсан ауыз сөзін тобықтай қылып былай түйді: Ғаламда энергия тапшылығы геометриялық прогрессия қалпында өсіп бара жатыр. Қазақстан да бұл проблеманы айналып өтпек емес. Біз энергияға тапшылығын еңсереміз десек, ортақ үйіміз экологияға жанымыз ашыса, АЭС салуымыз қажет.
Онан соң белсенді жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.
«Чернобыль және Фукушима станцияларындағыдай апаттың орын алу ықималдығы қандай» деген Асқар Сапаровтың сауалына «Қазіргі АЭС алдыңғы буындарға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Көп деңгейлі қауіпсіздік жүйелері, қатаң халықаралық стандарттар және озық технологиялар апат қаупін барынша азайтады. Чернобыль апатының қайталану ықтималдығы өте төмен. Чернобыль АЭС-та жобалық кемшіліктер болды және қауіпсіздік ережелерін бұза отырып жұмыс істеді, бұл қайғылы жағдайға әкелді. Заманауи АЭС өткеннің сабақтарын ескере отырып жобаланған және қауіпсіздіктің айтарлықтай жоғары деңгейіне ие.Халықаралық ұйымдар барлық АЭС орындауы тиіс қатаң қауіпсіздік стандарттарын белгілейді. Ұлттық реттеушілер осы стандарттарға сәйкестікті үнемі бақылайды және қадағалайды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ» деп жауап берді.
Онан соң Рамазан Мырзахан тұрып, «АЭСтің қоршаған ортаға әсері қандай» деген сауалын қабырғасынан қойды. Елдос Өмірзақұлы бұл сауалға «АЭС экологиялық таза энергия көздерінің бірі. Олар парниктік газдар мен ластаушы заттардың ең аз шығарындыларын шығарады, бұл климаттың өзгеруімен күресуге және ауа сапасын жақсартуға көмектеседі.Көмірқышқыл газының және басқа парниктік газдардың шығарындылары жоқ. АЭС қазбалы отынды жақпайды, бұл жаһандық жылынуды тудыратын шығарындыларды айтарлықтай азайтады.» деп жауап берді.
Сұрақ-жауап кезеңінен кейін өзара пікір алмасу болды. Бірқатар жастар ойларын ортаға салды.