«Заң керуені»: Шымкентте полиция қызметкерлері тұрғындарға құқықтық кеңес беруде

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде «Заң керуені» республикалық акциясы қарқынды өтіп жатыр.

 

Аталған жоба аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы, полиция басқармасы, жергілікті атқарушы және басқа да уәкілетті органдардың қызметкерлері «Сәуле», «Текесу», «Көркем» (Забадам) «Береке» шағынаудандарының тұрғындарын №129 жалпы орта мектебінің мәжіліс залында жекелей қабылдап, мәселелеріне біртіндеп ден қоюда.

 

Маңызы мол іс-шараға Әл-Фараби АПБ бастығы полиция полковнигі Нұрлан Қарабаев та қатысып, тұрғындардың сауалдары мен өтініштерін, сондай-ақ талап-тілектерін тыңдап, заң аясында шаралар қабылдауға кіріскен.

 

«Заң керуені» акциясы — қазіргі қоғамға қажетті жоба. Келген тұрғындар көкейлеріндегі және өздері кезіккен проблемалар мен түрлі қүқықбұзушылықтар мен жайттарды айтуда. Сұрақтарының көбісі — әлеуметтік көмек көрсету бойынша және алаяқтық қылмыстарға қатысты түсуде. Интернет алаяқтықтан зардап шеккендерге де құқықтық кеңестер беріліп жатыр», — деді полиция полковнигі Нұрлан Өсерханұлы.

 

Қазірдің өзінде бұл акцияға ауданның 200-ден астам тұрғыны келіп, сұрақтарына тиісті жауаптар алды. 

 

Айта өтейік, «Заң керуені» акциясының мақсаты — халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, қолданыстағы заңдарды түсіндіру, азаматтық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, аймақтарда қауіпсіздік деңгейін арттыру.

 

Ал республикалық акция ағымдағы жылдың 3-қараша күні Әл-Фараби ауданы аумағындағы №62 жалпы орта мектебінде, 4-қарашада М.Әуезов атындағы университетте өз жалғасын табады деп жоспарлануда.

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.