Ж.Түймебаев: Оңтүстіктің бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болу қажет
Оңтүстік Қазақстан облысының бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болу қажет. Сондықтан ақ ұлпаның жаңа сорттарын шығарып, оны өндіріске ендіруіміз керек. Бұл тұста «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының қосар еңбегі орасан, -деді облыс әкімі Ж.Түймебаев Мақтаарал ауданындағы «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының жұмысымен танысу кезінде.
Атакент кентіндегі ғылыми зерттеу институтында бүгінде дүниежүзілік мақтаның 10-нан астам түрі зерттеледі. Ондағы ғалымдар ақ ұлпаның 12 орта талшықты, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі 5-6 ц/га жоғары сорттарын шығарды. Сондай-ақ, өндіріске отандық бес мақта сортын енгізді. Институт ғалымдары әзірлеген мақта қозасын баптаудың қарқынды технологиясы 58,3 мың гектар мақталық егіске, топырақты 55-60 см терең қопсыту технологиясы 57 мың гектар жерге ендірілген.
Айта кетейік, мақтадан талшық, тұқым, талшықтан мата немесе каток жіп, сабын мен мақта майы сынды 1200-ден аса әр түрлі заттар алынады.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қазыбек би ауылдық округіне қарасты 57,6 метр тереңдікте орналасқа тік дренаждың жұмысын көрді.
Сапары барысында облыс әкімі Мақтарал ауылдық округіндегі «Жарқын» шаруа қожалығының күріш алқабының жұмысымен танысты. 1997 жылы құрылған шаруа қожалық 92,2 гектар жерді игеріп отыр. Оның 72,2 гектарына күріш, 15 гектарына мақта дақылы егілген. Жалпы ауданда 1,5 мың гектарға күріш егілген. Шаруалар гектарына 50-60 центнерден өнім алып отыр. Диқандар күрішті жерді тыңайту мақсатында егеді. Негізгі бағыттары мақта шаруашылығы.