Жақсылығыңды судағы балық білсін!
Баяғыда небір жақсы мен жайсаң жиналған үлкен астың үстінде бір жігіт:
– Елге қадірлі би болу үшін не керек? – деп ортаға сауал тастаса керек. Дастарқан басында билер бірінен кейін бірі сөз алып «білім мен шешендік» десе, тағы бірі «мал мен бақ» деген секілді өз пайымдауларын айтыпты.
Ең ақырында, қолға су құйып жүрген бала сөзге араласып: «Би болам деген жігітке алдымен ақыл мен көркем мінез керек. Жақсы сөзіңмен емес, жақсы ісіңмен ел құрметіне бөленесің» деген екен. Сонда төрде отырған ақ сақалды қарт би жас баланың сөзіне риза болып:
– «Жасы кіші ініні, ақылы асса аға тұт» деген. Жақсылығыңды судағы балық білсін. Балық білмесе, халық білсін, – деп балаға батасын берген екен.
Иә, расында, байлық та, бақ та, тіпті дүниенің барша қызығы да өткінші. Ел басқарған азаматтың жақсы аты халық қазынасына қол сұғып арамнан жиған байлығымен емес, әділдігімен, елге тигізген пайдасымен ғана қалары анық. Нұртуған шайыр бұл турасында:
Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Ағармас асылы арам жуғанменен.
Ойласаң ақыл басқа, ажар басқа,
Пайда жоқ құр әдемі туғанменен, – дейді.
Мұрат БАЙТУҒАНОВ, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Самсы ауылдық «Сәмен баба» мешітінің имамы
kazislam.kz