Жамантайдай жанашыр әкiмге қашан жаримыз?

Биыл киелі Түркістанның атауына ие болған облысымыздың жылды ойдағыдай аяқтайтынына шүбәміз жоқ деуге болады.

Заманның заңғар саясаткері, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел тыныш, тамақ тоқ, көйлек көк, көңіл алаңсыз болғандықтан тойды  тойға ұластырып, аудандардың 90 жылдығын дүбірлетіп өткізіп жатқан жайымыз бар. Ел қуанышынан артық не бар, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ел тойын игі істердің көбеюімен үйлестіріп, өзі қарапайым жұртшылықпен арқа-жарқа жүздесіп, елдің тыныс-тіршілігіне зерделей қарағаны да көптің көңілінен шығып жатты. Мемлекеттің қамқорлығымен және жерлестеріміздің еселі еңбегімен жасалған игі істерді ешкім әкетпейді. Тек мына күн қысқарған заманның зымыран қимылына ілесерлік соны серпін, тың құлшынысты қоса білетін және қарапайым қалың көпке шынайы адалдығымен қызмет істейтін нағыз мемлекетшіл жандар қызмет істемесе, оның арғы жағы кімге болса да, түсінікті. Өйткені, «көптің көзі – көреген».

Осы орайда, жетісайлықтардың ғана емес, бүгінде өңір жұртшылығының аузында осы ауданның әкімі Жамантай Бейсенбаевтың ауданға іссапармен келген ел Үкіметі басшысының орынбасары, министр Өмірзақ Шөкеев  пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, еліміздің Су шаруашылығы комитеті төрағасы Ислам Әбішев келгенде болған арадағы әңгіме жүр деуімізге болады.

Әкім Ж.Бейсенбаевтың ірілердің алдында аудан көрсеткішін жіпке тізіп, «жарапазан» айтқаннан гөрі, аудандағы өзекті мәселелерді шешудің жай-жапсарын ортаға жайып салып, еліміздің Су шаруашылығы комитеті тарапынан жасалынған немқұрайдылықты қасқайып тұрған ашып айтуын, оның ел перзентіне тән азаматтығы дер едік. Өзінің туып-өскен өңірінің қыр-сырын бес саусақтай білетін, басшылық қызметте жүргенінде қарапайым еңбек адам­дарымен етене араласып, тыныс-тіршіліктің мол тәжірибесін жинақтаған жан Ж.Бейсенбаевты осы жерде ел сенімін ақтаудың сын сағатынан сүрінбей өтті деуге болады.

Ауыл шаруашылығын дамытудың тізгінін сала сардарының алдында Мырзашөлдің тынысы ағын суды дала диқандарына жеткізіп беруде еліміздің Су шаруашылығы комитеті (И.Әбіш) тарапынан мемлекеттік қолдауға немқұрайдылық көрсетіп отырғанын министрдің алдында ащы да болса, ашып айтуына тура келді. Бірнеше жылдардан бері табаны тазалауды көрмеген каналдарға қоюға аудандық су шаруашылығы мекемесінде бірде-бір техниканың жоқтығын айтып, өзекті мәселенің «картасын» ашып тастағандай етті. Әрине, Комитет төраға басшысы ауданға арнайы техника бөліп беруге уәде етті. Мүмкін, аудан әкімінің қарапайым еңбек адамдарына деген шын жанашырлық ниетінен кейін, енді алдағы жылдың науқанының жақсылықпен басталуы ғажап емес дер едік. Жетісайлықтар биыл бақша дақылдарын егуді ерте қолға алып, оны молынан егуге қолдарын жеткізді. Алғашқы өнімдерін Ресейдің жүрегі Мәскеуге дейін жеткізіп, мол табысқа ие болды.

Әкім Ж.Бейсенбаев кейбір аудан әкімдері секілді «Қазір нарық заманы. Сенің тірлігіңе араласпаймын» деп сырттап қалған жоқ. Ат үстінен түспей, диқандардың өнімін әкетуге көліктің қамтамасыз етілуін  тікелей өз бақылауында ұстады. Бұрын диқан өнімін сатып алып, алыс-жақын шетелдерге жіберетіндер мен диқан арасында делдалдық жасап, саусағын-саусағына тигізбей миллиондаған теңгені жамбасына басатын алаяқтардың жолын кесуде әкімдік қызметкерлері қажыр-қайрат көрсете білген. Алымсақ өнімнің ақшасын диқанның қолына санап беретін болды. Тіпті, Ресейге өздері барып, өз өнімдерін сатып, Құдайдың бергенінің берекесін көргендер аз болмады. Еңбек адамдарының игілігі үшін шынайы жанашырлығын нақты ісімен көрсеткен Жамантай Бейсенбаевтай әкімді халқы қалай алақанына салмайды. Өмір академиясынан энциклопедиялық білім алған өрелі ойлы, имандылықты мүлтіксіз өмір қағидасы еткен нағыз елжанды әкім туралы біле отырып, шіркін-ай, бүгінгі таңда осындай нарқасқа перзенттердің қатары көбейе берсе ғой деп үміттенесің.

Ауызды құр шөппен сүртетін ел емеспіз, нағыз мемлекетшіл перзентіміз ел билігінің жоғары эшалонында қызмет істеуге жетсе, туған жерді түрлендіруде халқына шын жанашырлығымен адалынан қызмет еткен, есімдерін ел ішінде құрметпен айтылатын ақиық арыстармыз да жетерлік.

Кезінде атағы КСРО-ға белгілі болған Қызылқұмның жүгерісін өсіруді нарық қатынасының алғашқы қиындығына шыдамай, одан қол үзіп қойған жоқ па едік? Отырар ауданына ерен қабілетті, қазағының шын жанашыры екенін нақты ісімен көрсетіп келген іскер азамат Бейбіт Сыздықов әкім болып келгеннен кейін соң өңірдің тынысына «революция» жасалғанын облыстың төрт бұрышы аңыз етіп айтады десек қателеспейтін шығармыз, әсте.

Б.Сыздықов өз жерлестеріне жүгері өсіруді қайта қолға алуды ұсынып көреді. Бірақ оған ешкім құлақ аспай «өнімді өткізетін жер жоқ, мемлекеттік қолдау мардымсыз» т.б.түрлі сыныққа сылтау айтумен жүгері егуге беттемейді. Көзі жетіп тұрған игілікті істі орындатуға келгенде қайсарлығы бір басына жетерлік Бейбіт Шалдарұлы ауыл мен ауыл қоймай аралап жүріп, суармалы жерлері бар жерлестерімен «Жердің салығы мен судың ақысын төлемейсіңдер. Жерлеріңнің «аренда» ақысына шамалы ақшаны қолма-қол санап аласыңдар. Мен жерлеріңе өзбектер әкеп жүгері еккіземін» деп «Келісімшарт» жасасады. Қарабұлақ пен Манкент, Сайрамды аралап жүріп жүгері егуге диқандарды жинайды. Олар­дың жұмыс бастауына жағдай жасап берген соң, ат үстінен түспей жүріп, өнім өткізетін жер іздейді. Алматыны шарлап, одан еліміздің құс өсіруші ірі кәсіпорындарымен байланысқа шығады, тараптардың «Келісім шарттарын» түзгізеді. Күзде мол өнім алынып, оның бәрі сатылады. Өзбек диқандары таза 4-5 млн. теңгені қалтаға басып қайтады. Келесі жылы қыс аяқталмай жатып Шәуілдірге қарай «өз ағаларымыздың» өкілдері ағыла түседі. Сол жылғы табыс алдыңғы жылдан да асып түседі. Мұның бәрін өз көздерімен көрген әкімнің жерлестері тиісті жерлерін қайтарып алып, өздері жүгері өсіруді бастап жіберді.

Облыс бүгінде Отырар ауданының өзінен 40 мың тоннаға жуық жүгері өнімін жинадық деп жалаулатуына қазақтың нағыз елжанды бір азаматының бастамашыл болғанын қалай жоққа шығара аламыз? Осы Б.Сыздықов аудан аумағында атқарылатын жұмысқа тендер арқылы бөлінген 600 млн. теңгенің 300 млн. теңгесіне жұмысты атқарып, 200 млн. теңгесіне бір бастауыш мектепке ғимарат салып алатынын облыс әкімі алдында дәлелдеп, бәрін қанттай етіп аяқтап шықпады ма? 600 млн. теңгені алайын деп отырған рулас ағасының көңіліне қарамай, халыққа шын жанашыр болудың үлгісін көрсетпеді ме? Халқына шын жанашырлығы бар осылардай нағыз отаншыл жандар ғана «күштілердің» алдында қасқайып сөйлеп, руластың салмағын таразыға салмай, ел игілігіне адал қызметін жасай алатын болса керек.

Кезінде Шардара ауданының тынысына уақыт талабымен үндесетін жаңашылдықты әкеліп, ауданда қызылша егуді дамыту, күріш зауытын салып, сол саланың жұмысына серпін беруді бастаған, ел-жұртына адал қызмет етуде табанды іс-қимыл жасаған Шардараның әкімі болған Марғұлан Марайымның іскерлігін ел игілігінің істеріне неге пайдаланғымыз келмейді!? Басшылық қызметте соңынан сөз ілестірмеген азама­тың бірі. Жалпақшешейлігі жоқ, көлгірси қоймайтындығы кейбір «білгіштерге» жақпайтын болса керек. Ал оның «тырнағының астынан кір іздедік» дегендер, өздерінің «картасын» ашып алғандарын сезбейтін сыңайлы.

Дәл қазір М.Марайымды Кентау қаласына әкім етіп жіберу сұранып-ақ тұрғандай. Облыс орталығының Түркістан қаласына көшуіне байланысты осы қалаға қарасты 12 ауылдық округ Кентау қаласының қарамағына берілді. Қазір облыстық меморгандарды Түркістанға толық жайғастырудың өзі де оңай шаруа болып жатқан жоқ. Ең құрығанда Кентау өз арбасын өзі сүйреп кетсе, оның өзі облыс басшылығы қызметінің бір шетіне үлкен демеу болмас па еді?

Тұз-дәм бұйырып Кентаудың тізгінін ұстап қалған Ә.Мақұлбаевтың басшы-кадр ретінде билік пен ел сенімін арқалаған азамат ретінде көрсетіп, өзін туған ауылы Қазығұрт ауданының, Сарыағаш пен Кентаудың басшылығына келгенде не тындырыпты? Бір жерде «жылт» ететін бір із қалдырып көріп пе? Соны айтатын жан табыла ма?

Түркістанның еңсесін тіктеуде Кентаудың орны ерекше болса, сол сенімнен Ә.Мақұлбаевты шығады деп айту қисынсыз шығар, әсте. «Жеті өлшеп, бір кесіп», тың бастамаларға бара алатын М.Марайым сияқты елжандылығы ерен азаматтар ғана туған жерінің қарапайым халқының алдындағы және басшылықтың алдындағы жауапкершілікті тереңнен сезініп, аянбай қызмет істейтіні хақ. Демек, «шымкентшелеудің саяси ойындарын» қоя тұрып, кемеңгер Мемлекет басшысының сенімін ақтауды бірінші орынға шығаратын уақыттың жеткені.

Қарапайым халықтың Жамантай сияқты шын жанашырларын іздегенде күні кеше Қазығұрт ауданы әкімі болып аз уақыт істегеннің өзінде ұмытылмастай игілікті ісін қалдырған Тұманбай Әлиевтер көз алдымызға келеді. Мүмкіндігі көрініп тұрғанның өзінде ескерусіз жатқан, яғни қасиетті Ақбураның кәусар таза суын ауданның шөлейттегі ауыз суға зар болып отырған Шанақ, Ақжар, т.б. бірнеше ауылдарына өз ағысымен жеткізіп, облыстың тарихында болмаған игілікті істі жүзеге асырды. Нарық заманына сай тірлік істеуден мол тәжірибе жинақтаған іскер азамат ауданның іске икемді жігіттерін жинап, Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қарамұрт, Сайрам сынды ауылдарында мал бордақылайтын кәсіпкерлерімен кездестіріп, олардың іс-тәжірибесімен таныстырды. Сол бастамашылдығымен Қазығұрттың тынысына соны серпін берді.

Бүгінде бірнеше жүзден бастап, алды 3,5 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылайтын ауыл кәсіпкерлерінің атағы Астанаға жетіп, оңтүстіктің еңбекқор жандарының абыройын асқақтатуға қол жеткізілді. Басшы болып жүрген халықтың шын жанашырларының тірлігі осындай болса керек.

Ордабасы ауданында сумарлы жерді тиімді пайдалануға бастамашыл болып, елмен етене араласуымен жылыжайды көбейтуге қол жеткізіп, ат үстінен түспей қызмет істеуде ел-жұртының құрметіне бөленген сол кездегі әкім Д.Тілеубергеновты қайнаған істің ортасынан неге көрмейміз? Оның облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы қызметін ұршықша иіретінін біле тұрып, елге қызмет етуді мойнына іліп қоймадық та ғой.

Кезінде қарымды қаламгерлердің «Біз Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деген сөзі тарихта қалды. Қалам ұстап, ел-жұртының сөзін сөйлеуге араласқан соң, туған өңірінің барын да, жоғын да көз алдынан өткізіп, оның тілекшісі болып отырған соң, «Айтпаса сөздің атасы өледіні» еріксіз ұстанасың. Бүгінде дәм бұйырып, ауданның әкімі атанып, «жылы төсектен шыққанына» мәз болып жүрген бауырларымыздың қатары көбейіп бара жатқанына көңіл құлазиды. Біз жіпке тізбелемей-ақ қояйық, ежелгі Шаянның ауыл тұрғындарынан «Аудан Көшербай әкім кезінде қандай еді? Қазір қандай?» дегенді сұрап көріңіз. Қарапайым халықтың сөзіне қарап, өзіңіздің баға бергеніңіз дұрыс болар.

Жылдың қатал табиғаты, суармалы жердің көлемі де көңіл жадыратар емес, жер қойнауынан шымшып аларлық қазына жоқ. Бір «Ақтас» шипалы суының өзі де игілігіне толық пайдаланылмай отыр. Аудан әкімі Б.Танакөзов үшін күн қысқарған заманда айдың аптадай жылдам өтетіндігі «жылы төсектен тұрып» жұмысқа бара салуға ыңғайлы сияқты. Бірақ «жылы төсек» дейтіндей әкім Б.Танакөзовтың отбасы Шаянға көшіп барып, сонда тұрып жатқан жоқ қой. Шымқаламен арадағы 110км. жолға жағылатын бензиннің ақшасы кімнің басын ауыртып жатыр, халық қазынасына ие болатын депутаттардың ба? Жоқ. Бұны сөз етуге болмайды – «бірлік» керек. Бұл да әкім атанған соң, жүре береді, қанша жүрер дейсің?

Ал Сайрам ауданынын әкімі Б.Мамаев болса, өзінің әкім креслосына «Қалай отырғанын, неге отырғанын, қашанға дейін отыратынын» зерттеп, есептеп алудан қолы босамай отырғандай. Бүгінде Сайрамда әкім бір жақта, қалың жұртшылық бір жақта дейтіндей күн келген бе дейсің. Әйтпесе, бұл қайнап жататын Сайрам емес пе? Ережесіз жекпе-жектен бір ауыр соққы алып қалған болмаса, бұл әкімнің ес жиятын уақыты болды.

Асқаралы азамат Қ.Айтахановтың арқасында Созақта уран өндірушілерден аудан бюджетіне ақша түсіріліп, бүгінде «жұмыс істегендей» болып жүрген С.Полатов та әкімдердің қатарына ілігіп, көштен қалмай келе жатқанына тоқмейілсінетіні болмаса, жарқын істерін көрсете алмай жүргені кімге де болса аян.

Бір кездегі облыс басшылары «саяжайларының» күші ме, әйтеуір Түлкібас ауданына оң қабақ танытуын сол кезде ұтымды пайдалана алған Қ.Әбдуәлиевтің атқарған игі жұмыстары осы ауданның бүгінгі әкімі Н.Тұрашбековке «азық» болып тұрғаны анық-ақ. Жас жігітке тән жарқын істерін көруден гөрі, өнер туындысы деуге келмейтін ескерт­кішпен атының шыққаны ғана ел аузында.

Тоғыз жолдың торабындағы Арыстың тынысына серпін беру қала әкімі М.Қадырбектің қаперіне қазірше бара бермегенімен, оны да сұрайтын уақыттың туары анық.

Жылдың аяқталуына айдан асар уақыт ғана қалды. Өзекті мәселенің сөз басын бастай отырып, ауқымды сараптамалық материал жариялауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.

 

Әділ Мұратбеков

«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.