Жаңа жолдау – жарқын болашақ кепілі

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңаша жолын межелеп беретін жаңа Жолдауын жариялады. Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты кезекті Жолдауында да жұрт күткен жаңалықтар аз емес. Былайша айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» таяу жылдардағы бағыт-бағдарын айқындап беретін жаңа Жолдауда ақша-несие саясатына айрықша көңіл бөлінумен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту жолдары жан-жақты қарастырылыпты.

Сонымен қатар, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалануға септесетін шұғыл шаралар, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді оңынан шешу жолдары да егжей-тегжейлі айтылыпты.

Одан бөлек, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттырудың да өте өзекті екендігіне тоқталған Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды сомдауда сапалы мамандарға иек артудың маңыздылығына мән бере келе білім саласын биікке көтеруге бұл Жолдауда үлкен басымдық беріпті.

«Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ» деп алмағайып заманда Алаштың Аймауытовы айтқандай, білімі өрлеген елдің өркениет көшінен кейін қалмайтыны да қапысыз шындық. Яғни, Жолдаудың бесінші бағытында егжей-тегжейлі сөз болған білім саласына қатысты меже-міндеттерді осы саланың маманы болғандықтан біз де аз-кем ой елегінен өткізіп көрдік. Ұнасымды ұсыныстар, қолдауға тұрарлық тапсырма-міндеттер мол-ақ екен. Мәселен, болашақта сұранысқа ие мамандарды дайындауды бүгіннен бастау, білім саласын халлықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырудың жетісті жетістігі атап көрсетіліпті. Расында да Жаңа Қазақстанның жоғары білімін жандандыру мақсатында бүгінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнымен бірлесе һәм ықпалдаса жүйелі жұмыс жүргізу жолға қойылды.

Бұл оң бастамаға ел Үкіметі де мейлінше мұрындық болып, ұдайы қолдап-қуаттап келеді. Яғни, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп арттырып, бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін ЖОО-ларда қолдану да толық құптауға боларлық батыл байлам деп білеміз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру, шетелдік тағылымдамадан өтуді туризмге айналдырмауды баса айтып, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге күш салынатынын да атап көрсетті. Былайша айтқанда, жоғары білімнен бөлек, техникалық, кәсіптік білім беруде де жоспарланып жатқан оң реформаның желісін үзбей, бұл бағытта да білікті кадрлар даярлау үдерісі жалғаса беретінін де жеткізді. Оларды мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мәселесі де жан-жақты қарастырылып, оңтайлы шешім шығарылатын болды. Яғни, осы меже-міндетті мейлінше нәтижелі жүзеге асыру үшін, еңбек адамын елеп, жұмысшы мамандығын дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа баулу үшін де Мемлекет басшысы алдағы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Демек, ел Президенті ұсынып отырыған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай білім-білігі толысқан жастар адалдықты ту етіп, табанды еңбегімен табысқа жетіп, тәуелсіз еліміздің көсегесін көгерте беретініне де күмән жоқ. Осылайша қазақ қоғамында еңбекқорлық ерекше бағаланып, кәсібилік көпке үлгі етілсе, онда мұндай мықты мамандардың қайрат-жігерімен, жемісті еңбегімен ұлт сапасын көтеруге болатыны да айқын. Еңбек адамының мәртебесін көтерудің маңыздылығы да сонда.

Шындығында, бүгінде орта білім саласында да бірталай жағымды бетбұрыстар байқалуда. Мәселен, жұртқа мәлім «Жайлы мектеп» жобасының аясында 2025 жылдың соңына дейін елімізде заманауи үлгідегі 217 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілмек. Ел үкіметі бұл жайлы мектептерге арнайы басқару жүйесін енгізуді де жоспарлап отыр.

Тарқата айтқанда, ұстаздар қауымын ұлттың зияткерлік қуаты деп таныған Президентіміз білімді ұрпақтың еліміздің жарқын болашағының тірегі екенін де ерекше атап көрсетіп, әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орындарына талаптың тұлпарын мінген, білімге құштар, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керектігін де ескерте кетіпті. Өйткені, білім беру жүйесін жетілдіру арқылы ғана ұлтты ұлы мұраттарға бастауға болатыны белгілі. Осыны қапысыз ұққан Қазақстан Президенті бұл Жолдауда білім саласына көбірек басымдық беріпті. Мұндай батыл қадамдарды, әрине, осы саланың маманы ретінде біз де толық қолдаймыз.

Қысқасы, Жолдаудың жағымды жаңалығы көп-ақ. Тіпті, елімізде АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында референдум өткізу де «ел тілегіне құлақ асатын» Әділетті Қазақстанның жаңғырудың жаңа жолына, демократия даңғылына түсіп келе жатқанын ашық аңғартады. Сөз жоқ, АЭС салу ұлт ғылымын одан әрі дамыта түсуге ықпал етеді, көптеген жаңа мамандар дайындап, жұмысы қолға алынады. Ұлт ғылымы қарыштап өседі. Мұндай маңызды бастаманы біздің М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ұжымы баспасөзде де, электронды БАҚ-та, түрлі басқосуларда да ұдайы талқылап, АЭС салудың тиімділігін түгелдей құптап, елімізді энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетін жобаны студент жастарға да мейлінше ұғындыруға ұмтылуда.

Қорыта айтқанда, ұзақ мерзімге арналған даму жолымызды айқындап берген бұл Жолдаудан күтеріміз көп. Қастерлі Отанымыз – Қазақстанымыз өркендей берсін десек, Жолдауда айтылған ауқымды міндеттердің мінсіз атқарылуына баршамыз да мүдделі болып, сүбелі үлес қосуға тырысуымыз керек-ақ.

 Рахымбек Камалдинов, т.ғ.к., М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының басшысы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.