ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ЫРЫМДАР

Жаңа жыл – жаңа үміт, жаңа мақсаттар кезеңі. Бұл мерекеден әр адам ерекше бір ертегіге ұқсас кереметті күтеді. Дәл осы мерекеге қатысты түрлі ырымдар мен сәуегейлік болжамдардың көп болуы да осыдан. Біз төменде әр елдің Жаңа жылға қатысты осындай ырым-тыйымдарын жинастырып, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Оларға сену-сенбеу өз еркіңізде. Ең бастысы, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жаңа жылдан тек жақсылық күтейік!

* Жаңажылдық дастарханның барынша мол болғаны жақсы. Сонда келер жыл да сізді ішіп-жемнен тарықтырмайды.

* Жаңа жыл келгенше өзіңіз ренжіткен адамдардан кешірім сұрап үлгеруіңіз керек.

* Қарыздарыңыз болса, 31 қаңтарға дейін қайтарғаныңыз дұрыс. Ал 1 қаңтар күні қарыз беруге де, қайтаруға да болмайды. Әйтпесе, жыл бойы қолыңызда ақша тұрмайтын болады.

* Жаңа жылды қарсы алар алдында үйдің ішін қағып-сілкіп, бұрыш-бұрышты түгел тазалап шығу керек. Және сынған, шытынаған ыдыстың бәрін тастаған дұрыс. Сондай-ақ өтіп бара жатқан жылдың жағымсыз сәттерін еске түсіретін заттардан да құтылғаныңыз жөн.

* 31 қаңтарға қараған түні көрген түсіңізді есте сақтаңыз. Бұл түс алдағы жылы болатын оқиғалардан хабар беруі мүмкін.

* Жаңа жыл – отбасылық мейрам, сондықтан, оны жақындарыңызбен бірге қарсы алыңыз. Егер әлдебір себеппен 31 қаңтар күні отбасында бола алмасаңыз, келесі күні міндетті түрде олармен бір дастарханнан ас ішіңіз. Әйтпесе, келер жылы отбасыңыздан жыраққа кетіп қалуыңыз ықтимал.

* Ескі замандарда Ресейде жаңажылдық дастархан жайылған үстелдің төрт аяғын арқанмен байлап қою дәстүрі болған. Бұл – жаңа жылда отбасымыз ыдырамасын, үйден ешкім кетпесін, отбасының берекесін ешқандай қайғы-қасірет бұзбасын деген ниеттен туған ырым.

* Жаңа жыл кешінде жаңа көйлек киген жақсы. Сонда жаңа жылда көп жақсы өзгерістер болады.

* Келер жылы бай-бақуат болу үшін бұл мерекеде ең жақсы көретін, ең қымбат әшекей бұйымдарыңызды тағыңыз.

* Жамандықтар өткен жылда қалсын десеңіз, ескі киімдеріңіз бен аяқкиіміңізді табалдырықтың сыртына тастаңыз.

* Жаңажылдық дастарханда міндетті түрде жеміс-жидек, күріш, бидай, жаңғақтар болуы тиіс. Бұл – молшылық шақыратын тағамдар.

* Егер сіз құмар ойындарды, мысалы картамен ойнауды жақсы көретін адам болсаңыз, бұл құмарлығыңызды жаңа жыл түні шектей тұрғаныңыз жөн. Әйтпесе, келер жылдағы сәттілігіңізді «ұттырып» жіберуіңіз мүмкін.

* Жаңа жылда қалтаңыз бос болса, жыл бойы тапшылық көресіз. Сондықтан, жаңа жыл түні қалтаңызға барынша ірі ақша салып алғаныңыз дұрыс.

* Жаңа жыл түні сағат тілі 12-ні соққанда, ішіңізден тілек тілеңіз. Олар келер жылы міндетті түрде орындалуы тиіс.

* Түнгі 12-ге дейін әйелдер иығына орамал тастап, сағат тілі 12-ні соғысымен тез қайта алып тастауы керек. Сонда барлық ауру-сырқау, бәле-жала өткен жылда қалады.

* Сағат тілі 12-ні соққанда, сол алақаныңызға тиын салып, қатты қысып тұрып, «жаңа жылда ақшам көп болсын» деп тілеңіз. Сосын тиынды тесіп, жіп өткізіңіз де, мойныңызға алқа қылып тағып жүріңіз не әмияныңыздың бір бұрышына салып қойыңыз. Ол жыл бойы ақша шақырып тұруы тиіс.

* Сағат тілі 12-ні соғуға бір минут қалғанда, бір мандаринді қабығынан аршып, шыршаның түбіне қойыңыз. Егер 12-ге дейін үлгерсеңіз, жаңа жыл бақыт әкеледі.

* Жаңа жылда бай болғыңыз келсе, дастархан басындағылардың үстінен бидай дәнін шашыңыз не бидайдан ботқа дайындап, дастарханға қойыңыз. Бұл ботқадан дастархан басындағылардың бәрі ауыз тиюі керек.

* Жаңа жыл түні қаншалықты көп адамды құттықтасаңыз, келер жылы соншалықты мол сәттілік келеді.

* Егер жаңа жыл келісімен түшкірсеңіз, жыл бойы бақытты боласыз. Қанша рет түшкірсеңіз, сонша жігіт сөз салады.

* Үйді сыпырып жүріп наның қоқымын тауып алсаңыз – тұрмысқа шығасыз.

* Дастархан үстін жинағанда тапқан алғашқы нан қоқымын жастықтың астына қойып ұйықтасаңыз, түсіңізде болашақ жарыңызды көресіз.

* Егер жас қыз жаңа жыл түні саусағын кесіп алса, келер жылы тұрмысқа шығады.

* 1 қаңтар күні ауыр және лас жұмыс істемеңіз, әйтпесе жыл бойы беліңіз бүгілмей жұмыс істесеңіз де, жайлы өмір сүре алмайсыз.

* Егер жаңа жылдың бірінші күні саудагер алғашқы тұтынушысына тауарын арзандатып берсе, жыл бойы саудасы жақсы жүреді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.