ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН ШАҺАР

Түркістан – тарихи қала. Бүгінде облыс орталығы мәртебесін алған көне мәдениеттің ошағында Елбасымыздың бастамасымен және мемлекеттің тұрақты қолдауымен құрылыс жұмыстары қыза түсіп, көптеген жаңа нысандар ел игілігіне беріліп жатыр. Яғни, Тұңғыш Президентіміздің өз сөзімен айтқанда, ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсында орналасқан киелі қалада бой көтерген жаңа ғимараттардың дені шығыстық үлгісін сақтай отырып салынып, әлемдік туризм орталығы болуға лайықты қала атануға бет бұрып келеді.

Осы бірер жылдың ішінде Түркістанда көптеген жаңа саябақтар, әкімшілік ғимараттары, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қала сәулетіне сән бере түсуде. Осынау құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысы өңір басшылығының да қатаң қадағалауына алынған. Таяуда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қалада құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, жұмыс барысымен жете танысып, мердігер мекемелерге бірқатар тапсырмалар берді. Аймақ басшысы алдымен халықаралық талапқа сай ескек есу базасының құрылысымен танысты. Қазіргі таңда «Түркістан қаласында спорт кешендері бар есу каналын салу» жобасының 1-кезеңінің жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Осы жылдың  мамыр айында басталған қарқынды құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында ескек есу базасының топырағы қайта нығыздалып,  резервуарларын бетондау қолға алынды.

Сонымен қатар өңір басшысы  халықаралық теннис орталығы мен мұз сарайының құрылысын да аралап көріп, жасалған жұмысқа оң баға берді. Мұз сарайының іргетасы қаланып, енді бағандар бетондалып жатыр. Ал халықаралық теннис орталығының әкімшілік ғимаратында бетондау жұмыстары толығымен аяқталып, 1 және 2-ші қабаттың электр желілері тартылып та қойды. Бұл екі жаңа нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.

Одан бөлек қалада «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Түркістан облыстық филиалы ғимаратының құрылысы да бітуге жақын. Жыл соңына таяп қалған бүгінгі күнде  құрылыс монтаждау жұмыстарының 95 пайызы орындалып та қойды. Барлық қабаттарда жиһаздар қойылып, электр шамдары орнатылып,  ішкі және сыртқы инженерлік жүйелері қалалық жүйелерге қосылып,  су және кәріз жүйелері толық жұмыс істеп тұр.

Бұл нысанға да уақыт тауып, ат басын бұрған аймақ басшысы одан бөлек әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынып жатқан 9 және 12 қабаттық 15 үйдің «А» және «Б» блогындағы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексеріп шықты. Қазір онда байланыс, жарық, сумен қамту және кәріз жүйесі, жалпы тұрғындарға жағдай жасау бағытында жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр. Алдағы  жылы тұрғын үйлердің айналасы толық реттеліп, заман талабына сай жаңартылатын болады.

Ал, рухани астанадағы  әкімшілік-іскерлік орталығындағы №9 көшесіндегі 9-12 қабатты 32 үйдің де инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру, ауыз су, кәріз, байланыс және электр қуатымен қамту жобалары жүзеге асуда. Сонымен бірге әкімшілік-іскерлік орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Осындай ауқымды жұмыстардың жалғасын тауып отырғанына қарап, алдағы бірер жылда қалада тұрғын үй мәселесінің біршама шешімін табатынына сеніммен қарауға болады. Осы кездесулерде өңір басшысы мердігер компания өкілдерімен және құрылысшылармен жүздесіп, нысандардың сапасының  заман талабына сай болуын қатаң тапсырып, құрылысқа жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жалпы қаланы көркейту және абаттандыру мақсатындағы ауқымды істі 32 секторға бөліп атқару бүгінде өзінің нәтижелі жемісін беріп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз.  Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістанда қарағаш пен тез өсетін терек, жиде ағашы отырғызылды. Одан бөлек шаһарда терек, қайың, шаған, арша, үйеңкі секілді көпжылдық ағаштар егілді. Тарқата айтқанда әр секторда 10 мыңнан астам көшет отырғызылып, веложолдар төселіп, көшелерде жарықшамдар самаладай жарқырап тұр. Сондай-ақ, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар да орнатылған.

Елбасымыз да ілгерідегі бір еңбегінде: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік, әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп», — деген болатын. Бүгінде мемлекетіміздің маңызды рухани орталығы санатына кірген қалаға көптеген шетелдік делегациялар ағылып келуде. Мәселен, жуырда Түркістанға еліміздегі Литва Республикасының Бас консулы Гвидас Керушаускас жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімінің орынбасары  Рашид Аюповпен кездесу өткізіп, екіжақты байланыстарды жан-жақты талқыға салды.

Осы келелі кездесуде Рашид Аюпов 2018 жылы маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болғанын, үш жылдан астам уақытта шаһардың жаңарып, қайта түлеу кезеңін бастан кешіріп жатқанын ерекше мақтанышпен атап көрсете келе:

– 2018 жылдан бері Түркістан облысына 3,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде ивестиция тартылды. Өңірімізде Литва және Қазақстан кәсіпорындарын қатыстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Туризм саласында әріптестік орнатуға мүдделіміз. Алдағы уақытта туристер саны 5 миллионға жетеді деген болжам бар. Сондықтан Түркістан мен Вильнюс қалалары арасында әуе рейсін ашуды және арнайы турпакеттер әзірлеуді ұсынамыз. Біз жалпы литвалық кәсіпкерлерді Түркістанға шақырамыз. Жобаларды талқылауға дайынбыз,-деді.

Өз кезегінде Литва елшісі Түркістандағы оң өзгерістерден хабардар екенін жеткізіп, құрылысы қызу жүріп жатқан өңірде инвесторларға қолдаудың күшейіп отырғанын құптайтынын айтты.

Жалпы жаһан жұртының назарын өзіне аударып, жылына миллионға жуық шетелдік меймандарды құшағын айқара ашып, қабылдап отырған қаланың туристік әлеуеті өте жоғары. Сол себепті де өңірде туризм саласының даму  перспективалары жиі талқыланып келеді. Осындай келелі кеңестің бірінде  облыс әкімінің орынбасары Рашид Аюпов қатысушыларға саланы жан-жақты дамыту жолдарын көрсетіп беріп, алдағы уақытта өңірде туризм саласында атқарылатын ауқымды жұмыстар жайында да мол мәлімет берді.

Сондай-ақ Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева да өз сөзінде қала мен өңірде туристер санын арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылғанын атап көрсетіп:

– Түркістан қаласында бүгінде жоғарғы санатты қонақ үйлер саны 10-нан асты. Биыл «Керуен сарай» кешенінде ұлттық нақыштағы «Сандық» мейрамханасы мен кофеханалар ашылды. «Хазірет Сұлтан» жаңа әуежайы толықтай іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 10 айда 1 млн. 330 мың адам келген. Түркістан қаласында шілде-қараша аралығында қонақүйлердің толуы орташа есеппен 51 пайызды құрайды. Әуежайдың мәліметінше, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келетін және халықаралық рейстердің орташа толтырылуы 70-75%-ға жетті. Қазіргі таңда Түркістан қаласына саяхаттаушыларға туроператорлар тарапынан турпакеттер әзірленген, -деді.

Түркістандағы туристік нысандардың ифрақұрылымының талапқа сай болуы туризмді табыс көзіне айналдыратынын айтқан тиісті сала мамандары шаһардың  Орта Азияның туристік жауһарына айналатынына сенімді екендіктерін жеткізді.

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай:

«Туризм – біздің өңір үшін жетекші сала. Түркістан түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанды. Қаланың негізгі инфрақұрылымы қаланып, әуежай толық жұмыс істеп тұр. Әлем жұртшылығын қызықтыратын Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі маңында рухани-мәдени және туристік орталықтар салынды. Бүгін өздеріңізбен кездесіп, идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдадық. Түркістанның туризмін дамыту бағытында бірлесіп жұмыс атқарамыз»,-деді. Яғни қалада туризм саласын көтеруге баса мән беріліп жаты.

Одан бөлек тұрғын үй мәселесінің де  оң шешіліп жатқаны қуантады. Айталық Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы кредиттік жүйемен сатылымға қойылды. Қаладағы  көпқабатты үйлердің құрылысы мен  оның аумағын абаттандыру жұмыстары да талапқа сай атқарылып жатыр.  Жыл соңына дейін 610 пәтер Түркістан қаласының тұрғын үйге мұқтаж отбасылар тізіміне тіркелген көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға кезек ретімен беру де жоспарға сай жүзеге аспақ. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуына қарағанда, әкімшілік-іскерлік орталығында бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жаңа үйлердің аулалары абаттандырылып, балалар алаңқайлары  бой көтеріп жатыр.

Одан бөлек, рухани ордамызды таза қалаға айналдыруды «Түркістан Жарық-Тазалық» және «Байтерек ЛБ» ЖШС өз міндетіне алып, механи­ка­лық жолмен тазалау 136 кө­шеде, қолмен тазалау 787 көшеде жүзеге асырылу үстінде. Қала әкімі де инфрақұрылым жүйелерін жүргізу және көгалдандыру жұмыстары барысын қадағалауға алып, сала басшыларына берілген тапсырмалардың орындалу барысын да ұдайы бақылап отырады.

– Өздеріңіздің әрекеттеріңізге есеп беріп үйреніңіздер. Сол кезде елдің алдындағы есептеріңіз де дұрыс болады. Не жоспарланды, не орындалды және қалай орындалды – мұны саралау сіздердің күнделікті міндеттеріңіз болуы тиіс. Атқарылар шаруа көп, уақыт босаңсуды көтермейді, — деген қала басшысының  пікіріне де алып қосарымыз жоқ.

Одан бөлек  Түркістан қаласының толық табиғи газбен қамтылу деңгейі  де 85,9 пайызға жетіп, әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа 7 қабатты 10 тұрғын үйде газ беру жұмыстары толық аяқталып,  7 қабатты 14 тұрғын үйдің жылу жүйесі пәтерішілік газ тұтынатын автономды газ қазандықтарымен жобаланған.

Бүгінде қала аумағы да 19 627 гектардан 22 370 гектарға  артып,  қаланың даму сатылары айқындалып,  оның бірінші кезеңі  2025 жылы  бітсе, екінші кезеңі 2035 жылы, үшінші кезеңі  2050 жылы аяқталады деп жоспарлануда. 2025 жылға дейін қала тұрғындарының саны 250 мың, 2035 жылға қарай  350 мың, 2050 жылы 500 мың болады деген де болжам бар.  Қала аумағында өндірістік, коммуналдық және инфрақұрылым қызметін қамтамасыз ететін нысандарды орналастыратын аймақтардың айқындалуы да  түрлі салаға инвесторлар  тартуға  зор мүмкіндік тудырып отыр.   Қазіргі таңда қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор  туристерге қызмет көрсетуде.

Демек қаланың келешегі кемел болып,  өндіріс өркендеп, туризмі түлеген шаһарға айналатыны да анық. «Түркістан – қазақ даласының рухани төрі. Түркістан – дін исламның киелі орындарының бірі. Түркістан – түркі әлемінің бастау алар түбі. Түркістан – егіз жаратылған екі құрлық – Еуропа мен Азия арасына жік түсірмей келе жатқан алтын көпірі, достық көпірі»  деп Елбасымыздың өзі ерекше атап көрсеткен  қаланың  бүгіні даму деңгейі  де көңілден шығады. Олай болса,  Түркістанды көтеруге көп болып жұмылып, жаңа шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға да  ел болып үлес қосқанымыз жөн.

Д.Сұлтан.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.