Жастар жылының iлкiмдi iстерi
Елімізде өтіп жатқан «Жастар жылын» Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының уақыт талабымен үндесетін өнеге боларлық игі істерін айрықша айтуға болады. Басқарманың қазір мемлекеттік мекемелермен, қоғамдағы түрлі азаматтық институттармен тығыз байланыса отырып, кең ауқымда жүргізіп жатқан жұмыстары көпшіліктің көңіліне қонымды болып тұр. Онда жасалынған түрлі жобалардың ортақ мақсаты – қаланың жастарына патриоттық тәрбие беру.
Осы бағыттағы жұмыстардың атқарылу барысында еңбек ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігерлер, беделді кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, танымал мәдениет-өнер қайраткерлері, атақты спортшылар, зиялы қауым өкілдерін кеңінен қатыстыра отырып, мазмұны бай, тәрбиелік мәні терең ықпалды іс-шаралар көптеп өткізілуде. Қазір рухани жаңғыруды жастарға кеңінен түсіндіру, ұрпақтар сабақтастығын күшейту тиянақты атқарылуда. Елімізге танымал тарих ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжі мен ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығының басшысы С.Әлібектің студент-жастармен өткізген кездесуін айрықша атап айтуға болады. Сондай-ақ, осы университеттің ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы, РһD доктор Б.Изенбаевтың «Ұлт құндылығы – ұрпақ мұрасы», ал Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы архивінің директоры Г.Шардарбекованың «Ұрпақ сабақтастығы» тақырыбына студент-жастармен өткізген кездесулерінің өте тартымды да, мазмұнды болып өткендігін айрықша айтуға болады. «Ұстаз нұры» газетінің бас редакторы, «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» Әнуар Бейсе және қалалық білім саласы кәсіподағы ұйымының төрағасы, доғарыстағы полковник Б.Жүзімбаев, ардагер-ұстаз, «Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» М.Файзуллаевтардың қаладағы №2, №58-59, №77,86 мектептердің жас мұғалім және жасөспірім өрендерімен өткізген кездесулері үлкен серпіліспен өте әсерлі болып өткізілді. Кездесулер барысында жастардың қойған сұрақтарына өмір тәжірибесі мол ардақтылар мен біліктілігі мол мамандар көңілге қонымды жауаптарын берді. Қала жастарымен жұмыс ауқымды жүргізіліп жатқанын білсек те, оның бір парасы – мектеп бітіруші бозымдармен және жас ұстаздармен атқарылған жұмысты ғана атап өтуді жөн көрдік. Басқарма тарапынан саладағы жұмысқа басты назар аударылып отырғаны айқын-ақ.
Ә.Мұратбеков