Жастарды дiни сауатсыздықтан сақтайық
Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам жоқ шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.
Қазақстанның әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны баршаға аян. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Жалпы діни экстремизмнің қай аймақта болмасын, соның ішінде қалада да таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр.
Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталистік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремистік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды.
Кейбір сайттар зайырлы билік немесе өзге діндегілер туралы сыни пікірлер білдірмейді. Мұндай сайттардың сыртқы безендірілуі де тек исламға арналған ақпараттық портал түрінде берілуі мүмкін. Олардағы басты мақсат мемлекетте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінді бөлшектеуден басталады. Мысалы, «http://uraza.kz/» сайтында Рамазан айында оразаны бұзудың тыйым салынғандығы туралы: «Ораза тұтудан, оның міндеттілігін мойындамай бас тартқан адамның кәпір (дінсіз) екеніне ғалымдар бір ауыздан келіскен» деген ақпарат берілді. Бұл қазақ жерінде таралған дәстүрлі Ханафи мазхабына қайшы, мұнда ораза ұстамау діннен шығармайды. Сол секілді, беташар, сәлем салу т.б. дәстүрлерді «Құдайға серік қосу» деген пәтуа беретін сайттар діни ортадағы бөлінушіліктерді туындатып, діни фундаментализмге итермелейді.
Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы «ахилер» мен «ухтилерден» немесе «браттар» мен «сестралардан» құралған жамағаттарда қаншама сана уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.
Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлінуі салдарынан тұтас мемлекеттердің тұрақтылығы шайқалғандығын тарих көрсетіп берді. Аталмыш мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Шымкент қаласы әкімдігі ақпараттық–түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүйелі жолға қоя білді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.
Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Ортаңғы білім беру мектептерінде 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан аталмыш пән қазіргі таңда жаңарту мен толықтыруды қажет етеді. Өйткені, қазіргі таңдағы діни ахуал күрделене түсті. Сәйкесінше, «Дінтану» пәнінің оқулығына әлемдік діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдар туралы объективті мәліметтер берумен қоса діни экстремизм туралы түсінік, оның белгілері, ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы тиіс. Аталмыш пәннен сабақ беретін мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар дайындалып, біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылуы қажет. Мұндай курстарда арнаулы мамандар мұғалімдерге экстремизмнің табиғаты, алғышарттары туралы мағлұматтар беріп, экстремистік сайттарды анықтау, салыстыру жолдарын үйретеді. Бұл шара ұстаздардың оқушылармен жұмыс істеуге дайындығын арттырады.
Шымкент қаласында дін туралы білімнің мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жалғасын тауып, оны бірізділікке түсіру де жан-жақты қарастырылған. Осы орайда, рухани-интеллектуалды жастар тәрбиелеу үшін «Дінтану» курсының қосымшасы ретінде дінтануға қызығушылар клубтарын құру қажет. Мұнда дін мәселесіне қызығушылық танытатын студент-жастар, дінаралық сұхбаттастықты нығайту, діни сауаттылықты көтеру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу секілді түйткілді мәселелерге өз көз — қарастарын қалыптастырып, оларды шешу бағдарламаларының жобасын дайындау секілді мәселелермен айналысады. Клуб мүшелері «Дінтану» курсын оқыту бағдарламасын толықтыру мен жақсарту бойынша да өз ұсыныстарын бере алады. Мұның бәрі дін туралы танымды кеңейтуді қызықты әрі қарапайым ете түспек. Дін туралы білімге ие, сауатты кез-келген адам өзінің рухани бағдарын дұрыс таңдайды, өзгенің дін ұстану, ұлттық, тілдік ерекшелігіне сыйластықпен қарап, құрмет көрсетеді. Елімізде қалыптасқан дінаралық келісім, татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге әркім өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі болса, оны баянды етуде Шымқалада да атқарылған істер жетерлік.
Г.Тоқтарова, О.Тәжиев.