Жат ағымға алданба!

Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміз дәстүрлі дініміздің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуын басты назарға алып отыр. Сондықтан да дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір ұстанымдар мен кереғар ағымдар ақпаратына қоғамда негативті көзқарас қалыптастыру, жат ағымдардың жастарға әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсету маңыздылығын жоя қойған жоқ.

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдар діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды адастыруға тырысып бағып, оларды  ғасырлар бойы дәріптелген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қоюға әрекеттенуде. Сол себепті де мемлекетіміз жат идеологияның дәнін себушілерге қарсы ымырасыз күресті мемлекеттік деңгейде қолға алып, ол біздің Түркістан облысы аймақтарында да ұдайы жүргізіліп келеді.

Айталық жуырда облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен Түркістан қаласынының Есім хан алаңында «Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы» атты флешмоб өтті. Бұл іс-шарада «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры А.Ноғаев сөз алып, жастарды теріс діни ағымдардан сақ болуға шақырды. Тәлімді мағынаға толы «Ақ пен қара» атты қойылымы көрсетіліп, концерттік бағдарламаға ұласты. Жастар флешмоб биін билеп, бұл флешмоб Кентау қаласында да өтті.

Сондай-ақ Сайрам ауданы, Қарамұрт ауыл округіне қарасты Киров атындағы мектеп оқушыларымен «Ғаламтор шырмауы» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуді облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Ж.Битанов жүргізді. Жиын соңында оқушыларға жəне мектеп мұғалімдеріне «Ғаламтордағы махаббат бомбасы», «Зайырлылық», «Діндер тарихы» кітапшалары таратылды.Ал осы ауылдық округке кіретін Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназиясы оқушылары мен өткен кездесуді орталықтың теолог маманы И.Батыр жүргізді. Жиын соңында оқушыларға жəне мектеп мұғалімдеріне орталық тарапынан дайындалған кітапшалар таратылып, дінтанушы маман теріс ағымдарға қарсы күресте жастардың діни сауаттылығын көтерудің, қоғамның іргетасы саналатын кейінгі толқынның рухани әлеуетін көтерудің өзектілігіне тоқталды.

Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесе отырып Ақсукент ауылындағы №47 жалпы орта мектептің оқушы жастарымен этносаралық татулық, бірлік пен ынтымақтықты насихаттау, жат ағымдардың алдын алу мақсатында кездесу ұйымдастырды.

Кездесуге осы ұйымдастырушы екі мекеменің мамандары, Ақсукент ауылының төбе биі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Ал жоғарыда аталған облыс аумағында өткізіліп жатқан флешмоб Арыс қаласында да өз жалғасын тапты.

Облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қолдауымен «Алтын орда» қоғамдық бірлестігі және Арыс қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Әль-Фараби алаңында өткен «Біз экстремизмге және терроризмге қарсымыз!» флешмобына қала жастары белсене қатысты.

Айта кету керек, «Алтын орда» қоғамдық бірлестігінің бастамашылдығымен және Сарыағаш ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Біз экстремизмге және терроризмге қарсымыз!» атты жастар арасындағы флэшмоб пен жастарға арналған «Ақ пен қара» атты тақырыптық театрландырылған көрініс көрермен қауымның көңілі­нен шықты.

Бұл ауқымды облыстық шаралардың да басты мақсаты қоғамдағы өзге ағымдар мен түрлі жаман әдетке жастардың шатасып, араласып кетуінің алдын алу болып табылады. Яғни өскелең ұрпақтың түрлі өзге ағымдарға кіруі, ғаламтор арқылы уақытты өлтіріп, ғылым ізденуден қалуы, экстремизм мен терроризмге бойұсындыру сияқты жат әдеттерден аулақ болуға жастарды шақыру арқылы қатерлі дертке тосқауыл қойылуда. Шындығында діні мен ділі берік, жастары әсіредіншілдіктен ада, рухы үстем ұлттың ғана келешегі кемел, болашағы жарқын болмақ.

Е.ТӘЖИЕВ.

 «Қазақстан жолы» газеті, №37 (682) 06.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.