Жат ағымға елiктеме, жас дос!
Діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алуда қоғамдық бірлесудің, профилактикалық жұмыстарды жандандырудың да берері көп. Экстремизмнің елімізге тигізгер зияны, өңірімізде діни тұрақтылықты сақтау, кереғар ағымдардың мемлекет қауіпсіздігіне тигізетін әсері, оның қауіп төндіретін салдарымен күресу облысымызда өтіп жатқан түрлі іс-шараларда басты назардан түсіп көрген емес. Біз өз мазхабымыздан адаспай, дін мен дәстүрімізге берік болған жағдайда ғана кейінгі ұрпақ та өз жолынан адаспайтыны анық.
Тура жолдан адаспаудың басты мақсат екендігі жуырда Төлеби ауданында өткен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниге келген күнін, яғни мәуліт мерекесін атап өтуде де әңгіме өзегіне айналды.
Шара барысында Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани өнегелі өмірі, тәлім-тәрбиесі мол ұлағатты сөздерін жас өрендердің санасына сіңіру, деструктивті діни ағымдармен күресте сауаттылық таныту, т.б. мәселелер қозғалды.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы орталық «Нұр» мешітінің бас имамы С.Анарбаев және мәслихат депутаты М.Жұмабаевтың бастамасымен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күніне арнайы дастархан жайылып, жиынға аудан әкімі Б.Омарбеков, мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров, Түркістан облысының және Шымкент қаласының бас имамы, сонымен қатар ауыл мешіттерінің имамдары мен тұрғындары қатысты. Жиында С.Анарбаев:
– Қазір қоғамдағы қауіп-қатер мен ысырапқа толы көптеген пайдасыз мерекелердің қаптап кеткені белгілі. Оның бәрі салт-санамыздың, дініміз бен тіліміздің дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Ал мәуліт мерекесіне барлығымыз біржақты қарап, жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артуына, Пайғамбарымыға деген сүйіспеншілігіміздің нығаюына пайдалана білсек, нұр үстіне нұр болар еді,-деп жастарды тура жолдан адаспауға, кереғар ағымдардың арбауына түспеуге шақырады.
Сондай-ақ таяуда «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігі мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бірлесе ұйымдастыруымен Келес ауданындағы №13 колледждің студенттерімен «Деструктивті діни ағымдардан сақтанайық!» атты ашық аспан астындағы еркін форматтағы кездесу өтті. Жалпы көпшіліктің мұндай іс-шараға қызығушылығы жоғары. Сондықтан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, дінтанушы мамандар ұйытқы болған басқосуда жастарға жат ағымнан сақтану жолдары туралы мәліметтер берілді. Осынау кездесу «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы Қ.Әшірбаев пен колледж директорының орынбасары, мұғалімдер мен студенттер қатысты.
Ал Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округі Ш.Уәлиханов мектебінде аталған мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен, «Жат ағымға еліктеме, жас дос!» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуде оқушыларға Ұлы даланы мекендеген ата-бабамыздың өзіне тән сара жолы, мәдениеті мен өркениеті, діні мен салт-дәстүрі болғандығы айтылып, сондықтан жат ағымға еліктеуге ешбір қажеттіліктің жоқтығы ескертілді. Кездесуге 50-ге жуық адам қатысты.