ЖАТ ДІНИ АҒЫМНАН САҚТАНАЙЫҚ!

Әлемде діндер мен түрлі ұйымдар көбейіп кеткенін көз көріп, құлақ үйреніп кетті. Ұзаққа бармай-ақ, өзіміздің XIV ғасырдан бергі мұсылмандар ұстанып келе жатқан хақ дініміз ислам дініне тоқталайын. Соңғы кезде құбыласы бір, Құраны мен пайғамбары бір бола тұра түсінбеушіліктер мен бөлінушіліктер көбейіп кетті. Себебі, айрандай ұйып отырған елдің ішіне іріткі салу, жік-жікке бөлу – дін дұшпандарының, жат ағымдардың  арамза пиғылдарының, ниетінің бұрыс екендігіне дәлел. Қазақ даласына асыл дініміздің келгеніне XII ғасыр болса да, сол XII ғасырда өткен небір ғалым-ғұламалар, хадис майталмандары, мұхадистерді адасу деп айыптайтындар шықты. Жастарымызды тура жолдан тайдырмаққа тырысып отырғандар да  солар.

 

Пайғамбарымыздың дәуірінен кейін сахаба, табиғиндерден соң, XIV ғасыр болды, міне, 4 мазхабқа ілесіп келе жатқанымызға. Мазхабты адасушылық деп былжырайтын, мазхабты айтсаң, қан қысымы көтеріліп, қалтырайтындар пайда болды. Қазір әлемде мұсылмандардың 80-90 пайызы төрт мазхабқа ерген мұсылман қауым. Мазхаб ұстанушылар қауымы десек те болады. Шындығында  мазхаб дегеніміз  Құран-хадисті дұрыс түсінетіндер жолы.

Осыдан XIV ғасыр бұрын қарама-қайшылық-тар мен шатасулардан сақтандыратын жолды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып кеткенін мына бір хадисінен білсек болады. Анас ибн Малик риуаят еткен хадисте: « Шын мәнінде үмбетім адасушылықта, адасуда бірікпейді. Егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіз, міндетті түрде үлкен топқа, жамағатқа, көпшілікке қосылыңдар» деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Жамағатпен бірге болыңдар, өйткені бөлінгенді бөрі жейді» деген асыл өсиет қалдырған.

Құрметті мұсылман қауым, ынтымақта, бірлікте өмір сүруді Алла Тағала нәсіп етсін! Бес қазақ баласы мешітке келіп намаз оқыса, бесеуі бес түрлі оқитын деңгейге жеттік. Бұл – барып тұрған білімсіздік. Отбасының, елдің бірлігін ойламайтын, келте ойлайтын ақылсыздардың сенімі. Сондықтан да  еліміздің, соның ішінде өзіміздің  Шымкент қаласының дінге бет бұрған жастары да  ғаламтордағы теріс ағымдардың арбауына түсіп қалмау үшін дін турасындағы шынайы ақпараттарды  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінен, қаламыздағы мешіт имамдарынаан, қала берді «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы мамандарынан алғаны абзал. Бүгінде  қуатты Қазақстанымызда, оның ішінде үшінші мегаполис – Шымкентте де 2018-2022 жылдарға арналған, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда да тың серпін  байқалады.

Шынтуайтында ата-бабамыздың  ұстанып келе жатқан сенімі кеше, бүгін ғана шыққан сенім, наным емес. Ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан  сенімі. Әр жыл сайын Шымкенттегі  мешіттерде бір үмбет, бір жамағат, бір мазхаб аясында іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарға жат ағым, олардың түпкі мақсаты мен  теріс пиғылдылардан сақтану  жолдары  ұдайы айтылып  келеді. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Алла Тағаланың дініне, яғни, жібінен мықтап ұстаңдар, бөлінбеңдер» деп бұйырады. Сондықтан да неше түрлі қарама-қайшы ағымдарға бөлініп кетуден, ағым-ағым болудан сақтануға осы аят бізге дәлел бола алады. Алла Тағала баршамызды ынтымақта, бірлікте өмір сүруімізді  нәсіп етіп, лайым  ынтымақ, берекемізден айырмасын.

 

Үсен Жанбайұлы,  Шымкент қаласы,

Әділ Омар мешітінің найб имамы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.