ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында білім саласына көрсетіліп келе жатқан қолдау шараларына ерекше тоқталып өтті. Биылдан бастап, бірінші сынып оқушыларының тек мемлекеттік тілде оқуын ел қатты қолдап, қуана қарсы алды. Жолдауда бұл мәселе де ұмыт қалған жоқ. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
«AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша Жол картасында жаңа мектептер салу және қосалқы ғимараттардың құрылысын жүргізу туралы арнайы тармақ бар. Міне осы Жол картасындағы тармақтардың орындалу барысы жайлы тоқтала кетсек үшінші мегаполисте М.Х.Дулати атындағы №8, №45 мектеп-гимназия және Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияларының қосалқы ғимараттары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өнер мектебі, Әл-Фараби, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп, «Түркістан» , «Qainar bulaq» жекеменшік мектептері, Қалмұратұлы Оразалы атындағы жалпы орта мектебі ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасайтынын айтқан болатын. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілмек. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Еліміз өркендеп, дамып қана қоймай демографиялық көрсеткіште жоғарылауда. Мұның айқын дәлелі биыл Қазақстан халқы 20 млн-ға жетті. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады деп жоспарлануда.