Жемқорлық туралы хабарлап, сыйақы алуға болатынын білесіз бе?

Қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі — еңселі еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.
Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген тұрғын Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуы қажет.
Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия түрде сақталып, берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер операторлар арқылы қабылданады.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін екі адам марапатталды. Сыйақы мөлшері 315 410 теңгені құрады.
Құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі.
Қазіргі таңда, 1 айлық есептік көрсеткіш — 3063 теңгені құрайтындығын ескерсек, әкімшілік істер бойынша — 91 890 теңге (30 АЕК), қылмыстық істер бойынша — 122 520 теңге (40 АЕК), орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша — 153 150 теңге (50 АЕК), ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 214 410 теңге (70 АЕК) және аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 306 300 теңге (100 АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы беру реттілігі қарастырылған.
Бұған қоса, құны 1000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал мен көрсетілген қызметтер соммасының 10%-ын құрайды.
Сондықтан, азаматтық белсенділіктің айрықша рөлге ие екендігін тағы да хабарлай келе, ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, өңір жұртшылығын қоғамның қалыпты құбылысына айналған қауіпті кеселдің алдын алуда бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.

 

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Түркістан облысы бойынша департаменті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.