«Жүргізуші куәлігін әперемін»: Шымкентте тағы бір алаяқтық жайты анықталды

«Ешқандай емтихансыз, көлік жүргізу куәлігін әперемін» деп тұрғындарды алдап, заңсыз ақша алғандар саны азаймай тұр. Кезекті жайт Шымкент қаласында орын алды.

 

2022 жылдың 19-қазанында, кешкі сағат 20:10-да Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының «102» арнасы арқылы қала тұрғыны арызданды. Ол арызында, әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтын танысы «жүргізуші куәлігін алып беремін» деп сеніміне кіріп, 120.000 (жүз жиырма мың) теңге ақшасын алып, алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен.

 

Аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

 

Полиция қызметкерлері хабарламаны алған бойда, жедел іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты бір тәулікте қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын соңды сотты болмаған.

 

Қазіргі уақытта ұсталған азамат алған ақшаны жеке басының пайдасына жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.