ЖУРНАЛИСТ, ТІЛІҢ НЕГЕ ЖҰПЫНЫ?

Бір кездері бүтін бір ұлтты тәрбиелеу құралына айналған телеарналардың бүгінгі сиқы көз бен көңіл қуантарлық емес екені баршамызға аян. Баспасөзден бәсі мықты болған телеарналардың тілі қалай? Қай арнаға көз тастасаң да, барлығында бір «хайптың» құлдарындай безгектеп жүрген тілші, журналистсымақтарды көруге болады. Телеарна ісінің иісі мұрнына бармайтын қарапайым адамның өзі бұл «журналистердің» жұлдыздарға қоятұғын сұрақтары мен сауалдарына зығырданы қайнап, бетін басып отырады. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашпаймыз. Десек те, бүгінгі журналистердің жас буыны жайбарақатта айтыла бермейтін, біз үшін жат тақырыптарда сұхбат жүргізіп, құлағымызды үйрете бастағандай ма, қалай? Журналистердің тілі «мәдениет» ауылынан алыстап бара жатқаны жасырын дүние емес.

Бұлай айтуымыздың себебі, танымал журналист Мұхит Сапарбаев қазір өзінің сұхбаттарында анайы, бейәдеп сауалдарын қоюды тоқтатар емес. Елімізге танымал тұлғалармен сұхбат жүргізетін өзінің «Ойбай шоу» бағдарламасында «Іш киіміңіздің бағасы қанша?» деген секілді сауалдарын ұялмастан қоюмен бастаса, жауап берушілер легі де шығарған фирмасы мен қымбат бағасына дейін «айқайлап» айтып тұр. Біреуі шығып, бұндай сұрақтарға жауап бермеймін дегенді айтпады. Бұл ғана емес, атышулы Мұхит Сапарбаевтың «Кел, келінім» бағдарламасындағы қозғалатын тақырыптары сол төсектің айналасы-нан шықпайды. Аман Тасыған да тәп-тәуір журналистердің бірі еді. Соңғы уақыттағы сұхбаттарында адам шошырлық дүниелерді айтып жүр. 31 арна жүргізуші Анель Алиасқар осы көшті бастап тұр. Танымал тұлғаларға түрлі жұмбақтар қойып, сасқалақтатып қойғанына мәз. Мұндай «хайп» қуған журналистер өте көп. Өздерінің жеке ютуб арналарында тіпті сорақы дүниелерді ашық айтып отыра береді.

Теледидар – тәрбие құралы дейміз. Оның үстіне аудиторияның ауқымды бөлігін қамтып отырған ақпарат құралын «тіл үйретуші ұстаз» десек те ешкімнің таласы жоқ. Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды шығармашылық ұжымда көркемдік кеңес болатын. Талай тұшымды дүниелер осы кеңестің сынынан өткенде ғана эфирге жолдама алатын. Қазір ше? Қазақтың «ң», «ғ», «қ» әрпін анық айта алмайтындарды естігенде тура сөйлейтіндердің тілі мүкіске айнала ма дерсің?!  Жастар жағы құлаққа жағымды, дыбыстық жағынан әсем үнді тілдердің қатарында бірталай тілдерді атағанымен, өз тілдерін олардың қатарына қоспайды. Неге?  Себебі, олар естіп, тыңдап жүрген қазақша күні кеше біздің құлағымыздың құрышын қандырған, қайталанбас қоңыр үнімен кеудемізге мақтаныш ұялатқан қазақшадан өзгерек.

Қашанда ұлттық мәселе қозғалған сәтте жауыр аттай қайқаңдамай, таразының тартар басына ұлт руханиятын қоя білетін журналистердің бүгін келбеті өз биігінен түсіп бара жатқандай. Бүгінде қоғамда онсыз да айтатын мәселе, талқылайтын тақырып көп. Ел боламыз десек, телеарнаны түзеуіміз керек. Ал сен тіліңді түзе, журналист!

Ұ.ӨСКЕН.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.