Жырларымда заман шындығы
Ел еңсесі есті ұлды
Езетіні қинайды.
Тіршіліктен бес күнгі
Безетіні қинайды.
Не өлі емес, тірі емес
Көкіректі бір Елес
Кезетіні қинайды.
Қуыс жерге қу жүрек
Қуып тықсаң, симайды.
Сөйте жүріп өмірді
Қимайтыны қинайды.
***
Өлінің көңілін тірі аулар,
Тірінің көңілін кім аулар?
Өткен бір күнде өксік бар,
Кеткен бір күнде жылау бар…
Бейопа күннен белгі жоқ,
Бесінге қарай күн аунар.
Табақтағы асқа тəбет жоқ,
Қабақта, қаста қырау бар…
Маңайды көзбен ішіп-жеп,
Самайды сипап-сылау бар.
Қаңтардан келсе бір хабар,
Қайтқан құс көкте тыраулар.
Қақсатпай тілді тынбайтын
Қақаған қыста тымау бар.
Қилы да қилы пендеге
Қиямет күні сұрау бар…
***
Ұрпаққа үлгім дарымай,
Жақсыға жұртым жарымай,
Барымнан жоғым көбейіп,
Тарылған пейілі, тəңір-ай!..
Арымай қайтем,
Налымай,
Шашылып кетсем тарыдай?
Ардағың қайда, аяулы ел?
Аруағың қайда, Абылай?
***
Бұл заман кімнің соры?
Кімнің бағы?
Жаңылды жүрісінен дүлдүл-дағы.
Қайғы жеп, мұң жұтқан соң қайдан оңсын,
Барады уға айналып тілдің балы.
Ғайыпқа өзі кетпей,
Сөзі жетпей,
Ақынның аласұрған кезі көп қой.
Өзі хан,
Өзі сұлтан,
Өзі бектей
Қор болдым ағайынға сөзім өтпей.
Алда деп жұбатқанмен жүлдең əлі,
Алқызыл бояуынан гүл де оңады.
Аз күндік аманында ауызға алмай,
Өлген соң өкінгенің кімге дəрі?
Исраил Сапарбай