Жырларымда заманымның шындығы

                БАЙДІЛДӘ АЙДАРБЕКОВ

Сенім артқан ел-жұрттың

Намыссыз болса Әкімі,

Бола алмас елдің жақыны.

Ел емес, ойлар өз басын,

Артық боп туыс, жақыны.

Өзінен артпас ақылы…

 

Қадірі қалмас елінің,

Құрметі қалмас төрінің.

Бөтен көрер рақатын,

Арқа еті арша боп,

Борбай еті борша боп,

Тер төгіп жыртқан жерінің.

 

Болмаған соң әділдік,

Ер болар ұлы кұл болар,

Гүл болар қызы күң болар.

Шен-шекпенді мақталып,

Азаматтың ары тапталып,

Жігері жасып құм болар.

 

Бұзылып елдің бірлігі,

Сүттей іріп тірлігі,

Адамға-адам сенбейтін,

Өліп жатса көрмейтін,

Сондай да сұмдық күн болар…

 

Намыссыз болса батыры,

Бола алмас елдің жақыны.

Байланғанмен дәу шоқпар,

Соғатын сәт келгенде,

Көтеруге жетпес батылы.

Әлсіз де болар тақымы…

 

Іргесі елдің сөгілер,

Қызыл қан нақақ төгілер.

Еңіреген елім деп,

Ер-азамат бастары,

Жау аяғына тебілер.

 

Жыламай тамақ ішпейтін,

Әке арқасынан түспейтін,

Жасық ұлдар көбейер,

Әлділерге жалпаңдап,

Былай шыға талтаңдап,

Әлсіздерге күштейтін…

 

Тыныштық елге болмайды,

Сенімсіздік торлайды.

Үрей-күдік, қорқыныш,

Қайғы-мұң, шер бәрі кеп,

Ел басына орнайды.

 

Намыссыз болса ақыны,

Бола алмас елдің жақыны.

Кемшілігін көрсе де,

Басшыны мақтап жыр жазар,

Саф алтын  деп бақырды.

Сөзінің болмас татымы.

 

Ер алдында талтаңдап,

Басшыларға жалпаңдап,

Күнін көрер жағынып,

Құдай берген дарынын,

Қолмен тұсап, арқандап.

 

Жыр-жебесін садақтың,

Тартар жерде тарта алмас,

Көзімен көрген сұмдықты,

Шырқыраған шындықты,

Алдына шығып халықтың,

Батылы жетіп айта алмас.

 

Мұндай елдің ұл-қызы,

Көлгірси күліп, көлкіген,

Шірене сөйлеп, желпінген,

Өркөкірек, сөзуар,

Босбелбеу болар шетінен.

 

Бұл сөзімді қоста, мейлі қостама,

Елдің есі ауды әбден ақшаға.

Табынатын болды бүгін адамдар,

Құдай емес, тек ақшаға… масқара!

 

Ақша боп тұр өмір сәні, мәні де,

Ақша үшін барады жұрт бәріне…

Алла демей, «ақша» — дейді алдымен,

Ессіз сәби, есті жас та, кәрі де.

 

Алмастыра алады ма Күнді Ай,

Кейбір байлар өздерінше бір «Құдай»

Ақ сүт берген анасынан ақшаны,

Артық көрер пенделер бар.

Сұмдық-ай!

 

Ақша билік жүргізіп тұр адамға,

Ақша билік жүргізіп тұр қоғамға,

Ақша билік жүргізіп тұр заманға…

Ақша билік жүргізіп тұр дәл бүгін,

Алла Тағала жаратқан бар ғаламға.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.