СОРПАСЫ СОРҒАЛАҒАН СОРАҚЫЛЫҚҚА ТЫЙЫМ САЛАР КҮН БАР МА?

Газетіміздің редакциясына Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округіндегі Қоғалы елді мекенінің тұрғыны Ускенбаев Дауренбек арнайы келіп, өзінің шағымын қолма-қол тапсырып кетті. Жазған арызындағы фактілерді дәлелдейтін 18 беттік ресми құжаттарымен бірге, бейнежазба дыбыс жазбасы мен бейнесуреттерді де қолымызға ұстатты.

Біз Д.Ускенбаевтың отбасының басынан өткен келеңсіздіктерді есіткенде сенер-сенбесімізді білмей дал болдық. «Шынымен біздің облысқа қарайтын территорияда тұратындарыңыз рас па?» — дегенді еріксіз сұрауымызға тура келді.

Ендігі сөзді азаматтық құқығы тапталған Д.Ускенбаевқа берейік.

«Менің 30.09.2017 жылы туыл­ған ұлым Мылтықбай Асылжан өзі баратын «Орынқыз ана» бала­бақ­шасынан 16.11.2019 жы­лы кешке қатты ауырып келді. Тем­пе­ра­ту­расы 38 градустан түспей қойды. Шекесі шоттай болып ісіп кеткені сонша, бетіне қарауға қорқасыз. Амалсыз «Жедел жәрдем» шақырттық. Дәрігердің берген «Анықтамасы» қолымызда бар. Баланың температурасы түспесе, ауруханаға жатқызу керектігін айтты. Екі күн жүгірдік. 03.11.2019 жылы зорға жатқызып едік, 08.11.2019 жылы ауруханадан шығарып жіберді.

Оның бәрі «Орынқыз ана» балабақшасының иесі Қалдыбек Маликовтың дәрігер әпкесінің ықпалымен жасалынды. Бай-манаптық беделін сақтау үшін 3 жасар бейкүнә сәбидің шырылдаған үні де ескерілмеді. Бала бақша қызметкерлері бейкүнә баланың соншама ауыр таяқ жегеніне не себеп болғанын түсіндірмеді де.

Баланы қорлап, құқығын таптау түк емес бізде

Біздің шағымымызға балабақша басшылығы пысқырған да жоқ. Өйткені бізде «қалталысың ба?», бақуаттысың ба, онда бетіңе жел еспейді. Балабақшаны ашып, мемлекеттің миллиондаған теңге бюджет қаржысын ту-талақай етіп отырған Қ.Маликовтың бетіне келеңсіздікті ашып айтқаным үшін оның «бір нәрсесін сақтаған» балағат сөзін естуге дейін мәжбүр болдым. Ел заңнамалары талаптарын аяқ асты етіп отырған сорақы тірліктеріне төзгісіздік көрсетіп, аудандағы заң органдары және жергілікті атқарушы органдарға шағымдандым. Бір мекемеден заңды құрметтейік, адам құқығын аяқасты етпейік деген ниетті көре алмадым. Олар үшін қарапайым жандардың «жанайғайы» естілмейді, арыздың артында адам тағдыры тұрғаны «селт» еткізбейді. Ауылдың, ел-жұрттың сол ауыл әкімінен бастап, бір аудандық мекеме халық барын сезінбейтініне көз жеткізгендей болдым. Мемлекет басшысының жергілікті билік органдарына қарапайым халықпен етене жұмыс істе, үндеріне сергектік көрсет дегені біздің Жетісай ауданы үшін «ертегі» ғұрлы әсері жоқтығын өз басымнан өткердім.

Сыбайлас жемқорлық мәселесін көтердім. Шындықты айтып не таптым? …

Мен бұл балабақшада 50 бала бар деп мемлекеттің миллиондаған қаржысын алып жатқанымен, шындығында әр топқа 5-6 бала келетінін, мектептің 7 оқушысын тізімдеріне қосып қойғанын, балабақшада еш уақытта 50 бала болмайтынын жаздым. Өйткені, бұл мекемеде менің жұбайым Г.Жайыкбаева 2011 жылдан бері жұмыс істейді, бәрін күнде көреді.

Ауыл әкімдігіне қайта-қайта барып және «Жеті сыр» газетіне шағымданып, арнайы комиссия құрып тексерткіздім. Ауыл әкімі Е.Раев «күлшелі бала сүйкімдідей» көрінетін Қ.Маликовқа «крышавать» етіп, бәрін «сценарий» бойынша «тап-таза» етіп, акт жасатқызды. Сонда да екі топта 50 бала болған жоқ. Олардың 15.11.2019 жылғы сылап-сипалаған Актісінің өзінде:

«Бірінші топ балаларын санағанымызда 23 бала, екеуі ауырып жатыр деп айтты. Екінші топты санағанымызда 27 бала, ішінде 7 бала 0-ші сыныпта оқимыз деп айтты. Тәрбиешісі үй киіммен жүр. Меңгеруші К.Барлыбаева балабақша қызметкерлерінің саны 17 дегенімен, олардың жеке іс-құжаттарын көрсете алмады. Аспазшы: аспазшы туралы куәлігі жоқ, медициналық кітапшасы жоқ, бір күндік ас мәзірін көрсете алмағанын растап қол қоюшылар» — деп жазыпты. Ол мекемеде 17 адам жұмыс істейді. «Қожайынның» қалауымен «еңбек өтілін жүргізіп қойып, босанғандарында мемлекеттен төлемақы алатын түрлі жәрдемақы алуға мүмкіндік беретін» адамдар тізімге енгізіліп қойылған. Тура бір жабайы елдің тірлігіндей. Мемлекеттің мүддесін, халықтың жағдайын ойлауға сергектік көрсету деген ниет жоқ. Ел заңнамаларының мүлтіксіз сақталуына өз құзыреті шегінде іс-қимыл жасау қаперге алынбайды. Е.Раев Мемлекет басшысының бүгінгі белгіленген талабына сай жұмыс істеуді емес, өңірге сіңісті болған «шымкентшелеудің» ізінен шыққысы келмейді. Шағын елді мекеннің тұрғындары бұл балабақшада не болып жатқанын білмейді дей ме?

Бүгінде түрлі БАҚ  беттерінде сын материалдарымен есімі облысқа танымал болған Жетісай аудандық білім бөлімі басшысы Т.Мирзалиевке шағымданып көрдім. Оның 11.11.2019ж. №3159 шығыс хатының жауабын оқығанда, аудан халқы үшін жұмыс істейтін шенеунік-басшысы емес, қызметінде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін бір «сужұқпасты көргендей» боласың.

Осы балабақша тәрбиешісі, жұбайым Г.Жайыкбаева аудандық білім бөлімі басшысы Т.Мирзалиевке өзінің 3 жасар ұлы Асылжан балабақшадан таяқ жеп, шекесінің қатты ісіп келгенін, оған әріптестерінің назар аудармағанын айтып шағымданған. Өзінің осы мекемеде 2011 жылдан бері істеп келе жатқанын да, бір рет еңбек демалысын алмағандығын және мүгедек қызын ауруханаға жатқызу үшін демалыс сұрағанында, мекеме басшылары «демалыс берілмейді, өз өтінішіңмен жұмыстан шық, әйтпесе «статьямен» босатамыз» деп бопсалау арқылы өзіне «Өтініш» жаздырғанын жылармандай болып жеткізіп, араша түсуді сұрады.

Бұрын БАҚ-та жазылғандай өзінің қайда, неге жүргенін қаперіне алмайтын Т.Мирзалиевтің бізге берген жауабына қараңыз. «… арызда көрсетілген мәселелерді қарау Жетісай ауданының білім бөлімінің құзыретіне жатпағандықтан, Сізге тиісті шешім қабылдау үшін аталған арызды жолдаймыз», -деп, оны Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының атына «айдап» жіберіп, беті «бүлк» етпей отыра береді. Сонда облыстың еңбек инспекциясына білім мекемесінің ішкі тәртібін, бала құқығын қорғаудың жайын Жетісайдың  «ірісі» Т.Мирзалиев баяндап беруге міндетті болғаны ма?

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын»

Күніне 10-15 бала зорға жиналатын балабақшада 17 қызметкер ұстаудың мақсаты – мемлекет қаржысына молынан қол салу екендігін айтып отырғанымызға Т.Мирзалиев неге мән бермейді? Бірнеше жыл бұрын Мақтаарал ауданындағы жекеменшік балалар бақшасында «мертвые душиды» көбейтіп, бюджеттің миллиондаған қаржысын ұрлауға жол бергені үшін 6 ауылдың әкімі сотталған болатын. Із ескірді деді ме, қазір бұл сорақылық қайтадан қанат жайған. Олардың біреуі де «крышасыз» жұмыс істемейді. Ауданның кейбір мәслихат депутаттарының «қанатының» астында бірнеше «дедсадтан» бар. Соның бірі бізде екенін депутат Баймбетов ортасында жүріп тексеру жүргізген ауыл әкімдігіндегі комиссияны айтуға болады. Болмаса, Б.Баймбетов балаларға деген шынайы жанашырлығын көрсетіп, халық қалаулысының атына лайық азаматтық іс-қимыл көрсетпей ме? Осы балабақшада ауыл тұрғындары Мұратова, Жолдасова т.б. жұмыс істемейтінін бәрі біледі. Бірақ бұлар мемлекеттін қаржысына қол салуда қызметкер болып шыға келеді. Мекеме «қожайыны» жекеменшік дүкенінен шыға алмайды. Мектепте жұмыс істейтін әйелі түстен кейін келіп, балабақшаны көріп кеткен болады. Ауызша «заведующий» атағын иеленетін Қарлығыштың да тындырып жатқан түгі жоқ, тәрбиеленушілердің көрген күні анау.

«Орынқыз ана» балабақша қызметкерлерінің айлық алатын банкомат карточкаларының бәрін «қожайын» өз қолына жинап алған. Айлықты ақ қағазға қол қойдырып, қолма-қол береді. Осы күнге дейін айына 30 000 теңге айлық алып келген әйелім Г.Жайыкбаеваға ай сайын

60 000 теңгенің үстінде айлық жазып, оның жартысын ғана берген. Тиісті мекемелерден АО «Единый накопительный пенсионный фонд» анықтамасын алдырғанымызда өз көзімізге сенбедік, оны жұрт білсін деп газетке жариялатқызып отырмыз.

Бұл Африканың түкпіріндегі ауылдарда болмайтын сұмдық деуге болады. Сонда қазақстандық еңбекшілердің күні «негрлерден» ауыр болғаны ма? Адам құқығын таптаудың фактісі бірде-бір елде дәл осылай аяқ асты болмайтын шығар.

Осы мекемеде 9 жыл жұмыс істеп, бір күн «отпуск» алмаған тәрбиеші Г.Жайыкбаева ауру қызын ауруханаға апаруға мәжбүр болғанда, бопсалап өзіне Арыз жаздырып, жұмыстан шығарып жіберу қай адамгершілікке жатады? «Бай-манап» болса да, адам ғой, қазағын қорлап, адам құқығын сонша аяғымен таптау – елдің басиесіз қалғандығынан  емес пе?

«Адамда ар болсайшы, сезед деген»

Қаншама жұрт, бірнеше елді мекен өзінің бетіне қарап отырған ауыл әкімі Е.Раевтың тірлігі туралы айтуға тіл бармайды. Мен 06.11.2019 жылдан күні бүгінге дейін осы ауыл әкімімен бір рет беттесіп, еркін әңгімелесуді армандаумен  келемін. Бізде ауыл әкімі түгілі, оның қызметкерлерімен кездесудің өзі бір қиямет. Қай уақытта барып сұрама, ондағылар ауыл әкімін Астанаға кеткен деп отырғаны. Ауданға, облысқа кетті десе мейлі ғой. Өздерінің жұмыс күні тәртібін не үшін іліп қоятынын түсінбейсің. Бірде сағат 11:00-де әкімшіліктегілер «әкім Астанаға кеткен» деген соң үйіне бардым. Шорти киіп, үй шаруасымен жүрген әкім мені жақтырмай,  «Ертең кел» деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Сол ертеңнің түбіне әлі жете алмай келемін, себебі оны таба алмайсыз.

Иә, әкім «бай-бақуатты» дәулетті адам. Үнемі табылмайды, елдің тыныс-тіршілігімен жұмысы жоқ. Халыққа қызмет істеуге уақыты жоқ болса, мемлекеттік қызметті бермей ме, атқаратын адамға.

Облыстың түкпір-түкпірінде рухани жаңғыру қолға алынып, ауыл дүкендерінде арақ сату тоқтатылуда. Біздің ауылда да ақсақалдар мен елжанды азаматтар тұрғындар жиналысын өткізіп, дүкенде арақ сатқызбауға пәтуа жасады. «Дедсадтың», дүкеннің иесі, қалталыға жататын Қ.Маликов «Мен тірі тұрғанда, арақ сатуды ешкім тоқтата алмайды» деген астамшылықпен «күш көрсеткені» шындық болмаса, неге айтылады көптің аузында?

Ал, Е.Раев болса, елдің жақсы бастамасының қолдаушысы болуға қауқары жетер емес. Аудан ішінде жұртшылықтың аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың жеке басын жоғары бағалай білгенімен, Т.Мирзалиев, Е.Раев сияқты ел билігін ұятқа қалдыратын «босбелбеулерді» неге ұстайтындығына таңғалатыны бар.

Д.Ускенбаев.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.