ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде экологияға қатысты проблемалар көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды. Облыс басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасап, нақты тапсырмалар берді.

– Өңірдегі экологиялық мәселелер жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларының немқұрайлылығынан туындап отыр. Жұмысты күшейту керек. Қатты қалдықтар тастайтын қоқыс полигондарын реттеңіздер. Моншалар мен нысандардан шығатын кәріз су мәселесін түбегейлі шешу қажет. Зиянды қалдықтарды тастатпау үшін ірі зауыттардың жұмысын қадағалауды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат баяндама жасады.

– Жалпы басқа өңірлермен салыстырғанда біздегі экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Облыс аумағында 558 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жалпы 1 санатқа жататын 122 оператор қызмет атқарады. Оның ішінде уран өндіру кәсіпорындары, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, коммуналдық мақсаттағы объектілер, құрылыс объектілері және тағы басқалары бар. Арыз-шағымдар бойынша 109 тексеру жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға 2 млрд 120 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кей аудандарда атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су объектілерінің ластану фактілері анықталған. Департамент қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайды, – деді Нұржас Нұрболатұлы.

Түркістан облысы уран өндіруден көш бастап тұр. Алайда департамент тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде, уран өндірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заңсыз төгілу деректері орын алған. Ол бойынша айыппұл салынып, бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымы берілген. Қазіргі таңда, ластанған жердің аумағы толықтай тазаланды. Сынақ зертханасы аккредиттеу аттестаты және прекурсорлар мен улы химикаттардың айналымына байланысты қызметті, лицензия негізінде жүзеге асырады. Департаментпен ауадан, судан және топырақтан 223 сынама алынып, 13 жоспарлы және 61 жоспардан тыс мониторинг, 1479 анықтау жүргізіліп, 325 шекті нормативтерден асу фактісі анықталды.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті және «НК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ Түркістан облысының әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесіп, облыс аумағында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың алдын алу бойынша Жол картасын және оны іске асыру алгоритмін әзірлеген. 2023 жылы облыс аумағында 414 бейберекет қоқыс орындары анықталып, толықтай тазалау жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, өңірдегі экобелсенділермен шешу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің бекітуімен 2024-2026 жалдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы қайта жандандырылуда. Оның ішінде Арыс қаласы, Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы аудандарындағы елді мекендерді газға қосу, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, бекіту, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш көшетін егу, Кентау мен Сарыағаш қалаларындағы КТИ (КОС) құрылысын жүргізу сынды жоспарлар бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.