МАҚТААРАЛДА СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесі қарсаңында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналып Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіндегі С.Қожанов көшесінің бойынан ескерткіші ашылды. Сонымен қатар, «Айару» мейрамханасында қайраткердің рухына арналып ас берілді.

Кәсіпкер-меценат, республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті Бауыржан Оңғарбаевтың тікелей демеушілігімен тұрғызылған ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, қазақтың біртуар арда азаматы жайлы сөз сөйледі.

«Қадірлі жерлестер! Бізге ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болған Сұлтанбек Қожанов сияқты бабаларымызды кейінгі ұрпаққа өнеге етуіміз керек. Ол үшін бүгінгідей ашылып отырған ескерткіштердің маңызы зор. Ескерткішті орнтауға демеушілік көрсеткен меценат-кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаев мырзаға алғысымды білдіре отырып, баршамызды Сұлтанбек Қожанов бабамыздың әруағы қолдасын деп тілеймін!» — деген Бақыт Насырханұлы кәсіпкер Бауыржан Оңғарбаевты алғыс хатымен марапаттап, иығына шапан жапты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда АлматыШымкент сияқты ірі қалалардың көшелеріне С.Қожановтың есімі берілген. Облыс орталығы Түркістанда ескерткіші қойылған. Сонымен қатар, 1994 жылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінің «Советская» көшесіне Сұлтанбек Қожановтың есімі берілген болатын.

Мырзакенттегі С.Қожанов көшесінің ұзындығы 4,1 км-ді құрайды. Кенттегі ең ұзын әрі орталық көше осы. Биыл С.Қожанов көшесінің бордюрлары жөндеуден өтіп, гүлдер егілді. Жарықтандыру, басқа да абаттандыру жұмыстары жасалып, көше аудан орталығының бет-бейнесіне айналды.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.