СЫНДАРЛЫ СӘТТЕН СҮРІНБЕЙ ӨТКЕН ЕЛ ПЕРЗЕНТІ

Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өңір жұртшылығының алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі, елімізге танымал тұлға, төл перзентіміз Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің ел намысын, ер намысын белге түйіп, сындарлы сәтте ат үстінен түспеген ерен еңбегі оңтүстіктің мәртебесін биіктетіп, мерейін үстем етуге жеткізгенін жерлестері мақтаныш етеді. Кезінде бүкіл елімізге сын болған қанды қырғынды Жаңаөзен бүлігі мен Алматының түбіндегі «Шаңырақ» жаңа ықшам ауданындағы дау-дамайдың текетіресі ушығып, адам өліміне жеткізген дүрбелеңді ретке келтірудің тізгінін ұстап нағыз отаншыл азамат Өмірзақ Естайұлы жүрді. Ел билігінің атынан сөз сөйлеудің үлкен жауапкершілігін тереңнен сезініп, дана бабаларымыздың «Ой ойласаң, кең ойла, кең ойласаң, тең ойла» деген аманатын арқалаған азаматқа сыннан сүрінбей жеке басының абыройын сақтап қалуға ғана емес, ең бастысы, елінің бірлігіне, жарқын болашаққа деген сеніміне селкеу түсіріп алмау салмағы түсті.

Алматының тізгіні  қолында тұрғанда өнер адамдары мен бірқатар зиялы қауым өкілдерін пәтермен жарылқап, өзінен «ұлт көсемі» жасауға жанталасып жатқан қала әкімі И.Тасмағанбетовтың қарапайым қазақтың «Жанайғайын» «жазалаумен» бағындырмақ болғанына күйінген халық мәселені реттеуге келген Ө.Шөкеевтің ел жанашыры бола алатын ұстанымын сезінгеннен кейін-ақ сабырға келе бастады. Қандай жымысқы әрекет екені белгісіз, «Шаңырақтан» халықты күшпен қуып тазалау, ел-жұртты наразылыққа көтеру сияқты қауіпті әрекеттердің алдына тосқауыл қойылып, өмір тынысы өз арнасына түсті. Бүгінгі «Шаңырақтағы» жаймашуақ тірліктің негізі нағыз мемлекетшіл ел перзенті Өмірзақ Шөкеевтің қаншама қажыр-қайрат жұмсап, ер азаматқа тән қайсарлық көрсетуінің арқасында келгенінен бүкіл еліміздің жұртшылығы хабардар десек, артық айтқандық бола қоймас.

Өмірзақ Шөкеев ешкімнің көпшік қойған мадағына емес, ешкімнің «Арнау» айтып, поэма жазғанына зәру де емес. Тек қазақтың маңдайына адалынан берген перзенті болғандықтан, халқына қалтқысыз қызмет істеп келе жатқанын ғана біліп, мойындай алсақ болғаны. Оны мақтау керек емес, мақтаныш ету керек.

Бұл жерде айтпағымыз, иісі қазақтың ғана емес, Түркі әлемінің тағзым етер рухани астанасы – киелі Түркістанның заманауи өркендеу дәуірінің тізгіні өз замандастарынан шоқтығы биік қоғам қайраткері, елімізге танымал тұлға Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке тапсырылғаны «болар істің басына, жақсы келер қасына» дегенді көрсетті. Киелі Түркістан қаласына Түркістан облысы атауына ие болған Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы көшірілді. Облыстық мекемелерде қызмет істейтін 2 000-ға жуық мемлекеттік қызметкердің шұғыл облыс орталығына қоныс аударуына тура келді. Оңтүстіктің дархан пейілді, қойдан жуас, әрі алғыр ойлы ширақ келетін адамдары уақытша келген қиындықтарға қабақ шытпай, өз жұмыстарын бастап кетті. Дегенмен, өмір тынысының өз жолы болғандықтан, адамдарға тұрмыстық жағдай жасау басты мақсат етіліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Оның үстіне түркі әлемінің назарында тұрған рухани астананың кескін-келбетін заман талабына сай етіп жүргізудің жауапкершілігі де оңай болмады. Оған қоса Түркістан аймағының климаттық қиындықтарына үйлесетін көгалдандыру мен көркейтудің шешімін тауып, іс-қимыл жасаудың қиындығы да жетерлік. Сондықтан, облыстың бұрынғы әкімі Түймебаевтың орнына Ө.Шөкеевтің тағайындалуы  ел Үкіметі үшін маңызды шешімнің бірі болды. Түркістан қаласын көркейтуге республиканың аймақтары да үлес қоса бастады. Әр облыс әлеуметтік саланы дамытуға үлес болатын кәсіпорын, нысандардың құрылысын жүргізе бастады.

Қауырт қимыл, қым-қиғаш жұмыс қызып жатқан кезде облыс жұртшылығына кездейсоқ қиындық ойламаған жерден келді.

Арыс қаласында әскери қоймада күтпеген жерден жарылыс болып, 45 мыңға жуық халқы бар қаланың астаң-кестеңі шыққандай болды. Снаряд жарықшағынан қаншама үйлер жарамсызданды.

Апат зардабымен күресуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі бас болып, шұғыл шара көру қолға алынды. Қаншама мыңдаған адам Шымкент пен Түркістан қаласына т.б. жерлерге баспаналауға  жіберілді. Қаланың ішін тазалау тоқтаусыз жүргізілуінің нәтижесінде арыстықтар бір аптаға жетпей үйлеріне оралды. Бұл қасіретті береке-бірлігі мен ынтымағы берік республика жұртшылығы бір кісідей бөлісіп, қолдау қолын созды.

Облыс басшысы Ө.Шөкеев іс тізгінін қолына алып, оны іскерлікпен ұйымдастырды. Қаланы секторға бөліп, ондағы жұмысты облыс пен қалаларға тікелей тапсырды. Сектордағы жұмысты ұйымдастыратын штаб құрылып, ондағы жұмыстардың барысы бақылауға алынды. Сол кездердің қиындықтарын, қасіретті тауқыметін басынан өткізгендер ғана білді. Көптің жұмысын ұйымдастырудың қиындығын оның басында жүрген азаматтар айта алады. Күн қысқарған заманның құлқы-пейілі өзгеріп қалған адамдарымен жұмыс істесудің ауыртпалығын ел сенімін арқалаған жігіттер көтерді. Жұмысты аяқтағандардың артынан барып қабырғасы ырсиған жағдайларды көрсеткен кейбір телеарналар түсірілімдерін жоққа шығара алмағанда пендешілікті мойындауға тура келді.

Арыс қаласында болып, іс-қимылдың басында жүрген барша азаматтардың арқасында оңтүстік абырой биігінен көріне алды. Бұл жерде облыстың бірінші басшысы Өмірзақ Шөкеев қатаң талапшыл басшы, істің көзін білетін білікті азамат, шын жанашырлықты ұстайтын қайсар жан екендігінің арқасында жинақылықтың оң нәтиже бергенін айтпай кетудің өзі жөн болмас.

Сөз басын облыс әкімі Ө.Шөкеевтің халық алдындағы жұмыс есебінен бастаған болсақ, өңір жұртшылығына мәселенің мән-жайы жеткілікті хабар етілгендіктен, қаладағы салалар бойынша көрсеткіштерді тізіп шығуды қажетсіз деп білдік.

Облысымыздың ғана емес, түркі әлемінің рухани астанасы – киелі Түркістанды жаңаша көркейтудің жүгін көтеріп жатқан кезде, кездейсоқ апаттан тоғыз жолдың торабындағы Арыс қаласының 45 мыңнан астам халқы қасірет тауқыметін тартып қалған кезде де өңір басшылығы сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Жыл қорытындысында дамудың көптеген көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Жетістік – елдің еңбегі, сол елдің тізгінін қиын сәттерде түзу ұстай білген – өңір көшбасшысының еңбегі. Сондықтан да, есепті жиында оған жоғары баға берілді.

Шындығында облыс халқының Ө.Шөкеевтен күткені мұнан да көп болатын. Өйткені,

Ө.Шөкеев 2006-2007 жылдары облыстың тізгінін 11 ай ұстағанында өзінің кім екенін танытып кетті. Халық – сыншы. Қазір кейбір аудандарда жүрген «не мясо, не рыба» әкімдерді көргенде түсінбегендей болатындар бар шығар, әсте.

Ә.Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.