Орта Азия және Қазақстанға Ислам дінінің таралуы мен әсері

Ислам дініне  ғылыми тұрғыдан талдау жасау  оның  халықтың мәдени тарихындағы  орта мен атқаратын рөлін анықтау үшін  қажет.  Өйткені Ислам діні  халықтың  дүниеге  көзқарасына, ұлттық санасында, психологиясында, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрыпы да  сонау VIII ғасырдан бастап  қалыптасты.

VIII ғасырдың орта кезеңінде, Ислам діні Орта  Азия мен Кавказға  тарап, содан соң  Волга  бойында, башқұр және татарлар  мекендеген  аудандарға өтеді. Ислам  дінін Булғар ханы қабылдайды.

Ислам дінінің  таралуына  Каспий  теңізі арқылы  жүргізілген  сауда, үлкен   рөл атқарды. Әсіресе, сауда қарым-қатынастарының жанданған кезі X-XI ғасырларға жатады. Волга өзенінің  бойымен  терістікке сауда  жолы ашылды. Сауда қатынасын жақсартуда ислам діні де үлкен әсерін тигізді. Қазақстанда  Ислам қарахандықтар  тұсында (XI-XII) едәуір тарады. Монғолдар  шаман дінінде болғандықтан  ислам дінінің таралуына кедергі жасады. Ал VIII ғасырдың  екінші жартысында, олардың дінге деген  көзқарасы өзгеріп, біртіндеп  монғолдар  ислам дінін қабылдауға көшеді. В.В Бартольдтың тұжырымына қарағанда, «монғолдар XIV ғасырда жаулап алған жерлердің бәрі, де ислам діні үстем дінге айналды» дейді.

XIV ғасырда Темір хан тұсында Ислам дінінің маңызы  едәуір өсті. Темірдің балаларына қалдырған өсиеттерінде: «Пайғамбардың ұрпақтары, қауым басшылары (ишандар, сопылар), шариғатты қолдаушыларға менің үйімнің есігі ашық болды, өйткені олар сарайымның сәні мен салтанатын құрды. Дінге және  ғылымға қатысы бар  мәселелер  жөнінде  мен олармен ақылдасып отырдым» деген екен.

Қазақ жерінде Ислам дінінің келуімен қатар Темір дәуірінде ірі қалаларда мешіттер де салына бастаған. Бұл жөнінде  ол былай дейді : » Мен қалаларда мешіт салуға  бұйрық бердім… Мұсылмандарға Құран уағыздарын үйрету үшін қаларларға дін өкілдерін тағайындадым». Темір Ислам дінін нығайта  отырып, Орта Азия мен Қазақ  жерінде  мұсылмандардың мінәжат ететін ғимараттарын тұрғызды. Соның  нәтижесінде, мешіттер Исламды насихаттаудың жаңа  орталықтарына айналды.

Қазақ даласында  дін ғұламасы хазірет  сұлтан Ахмед Яссауидің    (1105-1166)   ықпалы күшті  болғандығы соншалықты, тіпті шетел басқыншылары да Яссауимен  санаспай  тұра алмаған. Темірдің әскерінде Яссауи есімін қадір тұтатын  жауынгерлер  де көп болған. Жорыққа шығар  алдында  Яссауидің моласына табыну салты еңгізілген. «Мистика мен дін насихаттаудың саласында  Ахмед Яссауидің  көп еңбектенгені  соншалықты,  түркілерден шыққан Темір оның моласының  басына өзі  тонаған елдерде орнатқан  ескерткіштерінің  бәрінен  де биік  ескерткіш-мешіт орнатты. Кейінен  осы мешіттің маңына  Түркістан  қаласы  пайда болды»дейді С.Т. Смирнов.

Сонымен, X ғасырдан  бастап  Ислам дінін насихаттаудың ықпалы арта түсті. Қоқан  хандығында  тұратындардың басым көпшілігі ислам дінін ертеректе  қабылдаған  өзбектер болатын. Олармен  көршілес  отырған  қазақ тайпалары арасында Ислам  дінің  таралуында  елеулі орын алды. Өзбектермен  тығыз  экономикалық байланысы бар  отырықшы және  жартылай отырықшы қазақтарға  ислам дінінің  ықпалы  күшті болды. Біртіндеп орта Азияда  ислам дінінің  екі  орталығы – Хиуа мен  Бұқара  қалыптасты. Қазақ тайпалары  осы  орталықтарға  экономика , саяси және  дін жағынан  да тәуелді  бола бастады. Ислам діні  таралуының  тағы бір себебі,  қазақтардың  осы дінді  қабылдаған  өзбектерден  басқа  халықтармен тәжіктермен, татарлармен, әзербайжандармен  байланысы жақсарды. Дін  қазақ  даласына  еңген  сайын бұл байланыс діни  негізде  нығая түсті. Ы.Алтынсарин: «Қазақтардың  діні  татар  тілінде  жазылған, олар  араб және  татар тілдерінде   намаз окиды. Қазір  қазақтар  татарлар мен өзбектерге бұрынғыдан да  жақын. Бұл байланыс  күшейе түсуде, татар  медреселерінде қазақ шәкірттерінің  саны  азаймайды, азаятын да емес»–деп өз ойын білдірген.

 

 Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.