ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА – ТЫҢ СЕРПІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің стратегиялық бағдарламасында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беруді тапсырды. Сонымен бірге, ел Президентінің ағымдағы жылды  «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Бауыржан Жолдасұлы Буркулов басқаратын Б.Саттарханов атындағы Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде ашық біріншілік және облыстық іріктеулер өтуде.

Мектебіміздің ашық біріншілігі ақпан айынан басталып, сайыстар спорттың 10 түрі бойынша өтті. Атап айтар болсақ, бокс, футбол, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, каратэ, дзюдо, таэквондо, ауыр және жеңіл атлетика. Әрине, әлем жұртшылығын алаңда­тып отырған коронавирус інде­ті, карантин шектеулері өзге салалар секілді спортқа да қатты әсерін тигізді. Ашық біріншілігіміз карантин талапта­рын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда. Соның бірінде, грек-рим күресінен ағымдағы жылдың  2 ақпанында Ордабасы ауданының құрама командасы мен Б.Саттарханов  мектеп-интернат-колледжі 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Нәтижесінде мектеп-интернат спортшылары командалық бірінші орынды иеленді және алда өтетін ел біріншілігінде 9 салмақ дәрежесіндегі спортшылар: Д. Байрам,  О. Дүйсенбек, А.Ескендиров, С. Әбдіқадыр, А.Сейіткаримов, Н. Әбілқасым, С. Құдайберген, А. Оразбек, А.Смағұл іріктеу турнирінен өтті. Аға жаттықтырушы Е. Ағайдаров жетекшілік ететін бұл спорт саңлақтарына сәттілік, жеңіс тілейміз!

Ал 3-4 ақпан күндері 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қазақ күресі спорт бөлімінің ашық біріншілігіне қатысқан облыстық іріктеуден 38 кг. салмақ дәрежесінде Р. Жаманқұл, 65 кг. салмақ дәрежесінде Д. Рахман ҚР чемпионатына жолдама алды. Жаттықтырушылары – Т.Керімқұлов, Ә.Тұрарбек.

2004-2007 жылы туылған жастар және жасөспірімдер арасында каратэ спорт бөлімінің 5 ақпан күнгі ашық біріншілігі Ордабасы, Сайрам және мектебіміздің командалары арасында жалғасын тапты. Командалық есепте Б.Саттарханов мектебінің командасы жеңіске жетті. Ерекше көзге түскен тәрбиеленуші спортшыларымыз – А.Әмзе, Д.Қуатбек, С.Бейсенбай. Жаттықтырушысы – Н.Байдуллаев. Бас төрешілік жасаған халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қара белбеу, VI дан иегері – Н.Абдыкулов.

Сондай-ақ 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы бокс бөлімінің ашық біріншілігі Ордабасы ауданы мен мектебіміздің спортшылары арасында бетпе- бет  айқас түрінде өткізілді. Жарыс қорытындысы бойынша мектебіміздің тәрбиеленушілері айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ерекше дарынымен көзге түскендер қатарында 44 кг. салмақта Д.Қадыр, 46 кг. Д.Әшімхан, 60 кг. А.Артықбай, 75 кг. О.Бижанов бар.

2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Түркістан облысының чемпионатына 10 тәрбиеленуші спортшы қатысып, 38 кг. салмақта Б.Нұрымбетов II орын, 46 кг. салмақта Қ.Кенжеәлі II орынды иеленді. Жүлдегерлердің жаттықтырушылары – Б.Ташкулов және О.Сыздықов.

Ақпан айының 12-14 жұлдызы  аралығында Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекеніңде 2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында Түркістан облысының  чемпионаты өтті. Жаттықтырушылар Қ.Ниязбеков, А.Рыспаев бастап барған  жарыстан спортшыларымыз үздік нәтижемен оралды. С.Сейдахмет, Е. Мыңболсын алтыннан алқа тағып, үздіктер қатарынан көрінсе, М. Үркімбай, А. Жақсылық, Ә.Рзаш 2-орын, Б. Қалыбаев, Ж. Кенжебай  3-орын иеленіп, жүлделі орындарға қол жеткізді.

Сөзімізді ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы ойымен түйіндесек, «Жастар – қашанда идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек». Біздің тәрбие берудегі ұстанатын бағытымыз да осы.  Тәуелсіз мемлекетімізді ұлт ретінде тұғырын биіктететін саланың бірі – ол, әрине, спорт өнері. Еліміздің спорт саласының дамуында біздің колледж өзінің  сүбелі үлесін қоса береді деп нық сеніммен айта аламыз.

Сержан Поштаев,

Б. Саттарханов атындағы Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің аға тәрбиешісі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.