БАЛАЖАННЫҢ БАСТАМАСЫ — рухани жаңғырудың нақты қадамы

Кейінгі кезде жастардың рухын жанып, намысын қайрау керек екендігі туралы жиі айтылып жүр. Бірақ, несін жасырамыз, көбіне ауызекі әңгіме мен бостекі бірдеңелерден арыға аса алмай жатамыз. Жастар батыстың бейәдеп «өркениетіне» бой алдырып, қазақи менталитетке жат қылықтарға үйірсектеніп бара жатқанын айтып, дабыл қағамыз. Ал сайып келгенде жастардың тым батысшыл болып, шамадан тыс «өркениетті» болып кеткеніне өзіміз кінәліміз. Неге? Өйткені, жас өскіннің таным-білімінің дұрыс қалыптасуына немкеттілеу қараймыз. Баламызға қымбат телефон алып беріп, интернет иіріміне өз қолымызбен итермелейміз де, ертелі-кеш әлеуметтік желіден көз ашпайтын жүгермекті «кітап оқымадың, жаттауыңның өзін жаттамайсың, рухани тұрғыдан тым жұтаңсың» деп сөгеміз. Ау, оған жасалып жатқан мүмкіндік қайда?

Осы тұрғыдан алғанда облыстың қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымының бастамасы көптеген олқылықтардың орнын толтыратындай, рухани жаңғыруға жасалған нақты қадам болғанын ашық айта аламыз. Елімізге белгілі журналист, өнер жанашыры Абай Бекназарұлы Балажан басшылық ететін  «Оңтүстiк Қазақстан» газетi ұжымының бастамасымен мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан өткен «Жақсылар, дастан айтайын…» атты облыстық байқауы бүгінде өңір жұртшылығының сүйсіне сөз ететін әңгіме тақырыбына айналды. Уақыттың ұйытқысы болып отырған Оңтүстікте өткен бұл «Жақсылар, дастан айтайын… байқауы осыдан 100 жылдай шамасы бұрын қазақтың даласын дүбірлеткен бабалардың үнін жаңғыртқандай болғанына шексіз риза болдық. Оңтүстік уақыт көшінде тағы да оң бойы озық келе жатқанын көрсеткен, өңірдің 3млн-дай халқының мерейін асырып, мәртебесін биіктеткен Абайдай бауырымыздың «командасындағы» жерлестерімізге екінің-бірінің айтар алғысы жетерлік. Қаламгер әріптесіміз Абай Бекназарұлы осы бір игі істің бастамашысы  болуымен, өзінің ел ағасына лайықты биіктен табылатындығын көрсете білді. Рас, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бастамасымен бұған дейін де елдің рухын көтеретін, жастарды салауаттылыққа, спортқа баулитын іс-шаралардың болып жатқаны белгілі.

Десек те бүгінде баршамыздың жаппай жаңашылдыққа жанталасып, рухани тұрғыдан өлара шақты бастан өткізіп жүрген шақта оқушылардың әдебиетке бетбұрыс жасап, батырлар жырын жатқа айтудан өзара бақ сынап, байқауға қатысуы – біріншіден, олардың әдебиетке, өнерге деген қызығушылығын арттырса, екіншіден, өзінің ежелгі ата-балаларының өмір-тарихына деген таным көкжиегі кеңейе түседі. Одан қалса, рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеуді, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiш етiп өсiруді мақсат тұтқан байқаудың қатысушыларға да берері ұшаң-теңіз.
Сонымен бірге, берекелі күзде арысы Астана, Алматыдан келген, берісі өзіміздің Оңтүстіктің өнер жанашырлары, мәдениет қайраткерлерінің басын қосып, елге тамаша бір демалыс сыйлауының өзі неге турады. Реті келгенде айта кетейік, Абай Балажанның бұл бастамасы өз елін шексіз сүйіп, оның өркендеуіне өзіндік үлес қосқысы келетін әр бір азаматтың қолдауына ие болатын, тіпті дәл сондай батырлар жырын оқудан байқау өткізбесе де, бабалар салып кеткен сара жолға бастайтын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың насихатталуына, жаңғыруына жол салатын игі істермен жалғасуына атсалысуымыз керек. Бұл әр бір басшыға ой салатын, тың идеяларына түрткі болатын бастама. Ал, байқаудың қалай өткені бір аптадан бері барлық ақпарат құралдарында кеңінен айтылып, жазылып жатқандықтан байқаудың беташарын абыз ақсақал Әдіһам Шілтерханов бата беріп ашумен бірге, өскелең ұрпаққа төгілте айтқан ұлағатының орны бөлек болғанын айрықша айтуымыз керек. «Жақсылар, дастан айтайын…» байқауы жоғары деңгейде өткенін қуандық, бірақ Е.Сағадиевтың ҰБТ-ға ұқсатып, жыр айтушылардан «Әдебиет теориясын» сұрау көңілге қонымсыздау болғанын жасырғымыз келмейді.

 

О.ТӘЖИЕВ,
«Қазақстан жолы»-газетінің бас редакторы

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.