Қасиетті Ислам дінін қастерлеуіміздің сиқы осы ма? (Әлде «Басиесіз елдің иті осырақтың» кері ме?)

Жуырда ғаламтор бетінде Ақтөбенің бір мектебінің алдында қара жамылған 4 қыздың қар үстінде намаз оқығаны жарияланып, төбе шашымызды тік тұрғызды.

Не деген сұмдық?! Қазақ қыздарының бұл әрекеті біздің асыл дінімізді қастерлеу емес, қорлау ғой. Мұсылманға міндетті бес парызды да мазаққа айналдыруға жеттік пе? Елімізге дендеп еніп, етегін жаба алмай қалған «даңғаза» демократияның жеткізген жері осы болғаны ғой, демек.

Шын мұсылман намазды мешітте, арнайы орындарда, үйде, жалпы таза жерде ғана оқиды. Ал мына қыздардың аяқ асты болған лас жерде намаз оқығаны қасиетті Исламды қорлаудың нағыз көрінісі емес пе? Бұл намаз оқу емес, асыл дінімізді пақыр ойлылардың саяси «ойындарына» қару етіп отырғаны ғой.

Елімізде оқушы қыздардың мектепке хиджаб киіп келуіне тыйым салынып еді, бұл кереғар ағымдардың жетегінде кетіп, хақ жолынан адасқандардың енді Қазақ еліне дөңайбат көрсеткені шығар. Болмаса, Ислам дінін халқымыздың қастерлеп ұстап келе жатқанына сан ғасырлар өтсе де, мұндай сорақылықтың жасалмағаны анық-ақ.

Қай заманда қазақтың әйелдері хиджабқа оранып еді? Жас өскін қызға  хиджаб кигізу деген қазақтың тарихында болмаған нәрсе. Ел Тәуелсіздігінің қадірін білмегендер енді Қазақ ұлтының төбесінде ойнағандай болып, білгенін істеуге шыға бере ме? Неге сонша кеңқолтық, жалпақшешейге айналып кеттік?

Біздің ұлттық намысымыз қайда? Дана халқымыз «Басиесіз үйдің иті осырақ» дегенді дәл осындай шектен шыққан жосықсыздық пен масқаралыққа күйінгенде айтқан шығар.

Ел иесіз емес, мемлекеттің қоғамның өмір тынысына қатысты шығарған заңын елдің әрбір азаматы мүлтіксіз орындауға тиісті болса, бұл сұмдыққа жол берілмес еді ғой. Қазір ұлттың, мемлекеттің жанашыры болудың орнына Ақшаның  жанашыры болып кеткенімізге осының өзі-ақ айқын дәлел емес пе? Кейбір жерлестеріміздің жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің немқұрайлылығы салдарынан халық пен биліктің арасы үзіліп барады деген «сәуегейлігінің» астарында да бір шындық бар ма деген ойға қаласың.

Елімізде рұқсат етілмеген орындарда діни рәсімдер мен құлшылықтар өкізген азаматтарға ҚР ӘҚтК талабына сай 113450 теңге айыппұл салуға болады. Ал, Ақтөбедегі тиісті органдар 10 қаңтар күні жасалынған заң бұзушылыққа 11 қаңтардан қалдырмай заң аясында шара көруіне кім кедергі болыпты?

4 қыздың әрқайсысына 113450 теңгеден «шырылдатып» тұрып айып салғанында, мұндай беталдылыққа жол берілмес еді ғой. Ақтөбеліктердің бар қолынан келгендері – «Жергілікті имам олардың әрекеті ерсі екенін айтты» дегенді жариялап, қасиетті Ислам үшін намыстан  жер болған жандардың көңілін жұбатқандай болыпты. Ал, ел болашағы – ұрпақтың тағдырын сеніп тапсырып отырған адамымыз, мектеп директорының орынбасары болса, хиджабпен сабаққа кіргізілмеген оқушылардың ата-аналары рұқсат алу үшін депутатпен кездесуге келгенде намаз оқығандарын айтып жайбарақаттанады. Баланың жанашыры сөзбұйдаға салынатын әңгіме айтқанша, заң органдарынан тиісті жаза көруді неге табанды тіреп талап ете алмайды?

Қарапайым қалың көп елімізге қауіп-қатер төндіруші кереғар діни ағымдар екенін ашық та,  ашып айтып жүр. Көптің пікірін ескере қояйық дейтін тиісті орын бар ма өзі? Ондай бар болса, онда есіткен елдің аза бойын тік тұрғызатын сәләфиттер неге ауыздықталмайды? Ел тыныштығынан артық еш нәрсе керек болып тұрған жоқ қой, Қазақтың бозторғайдай бозым жұртына.

 

                                                                                                                                                 Әділ Мұратбеков.

Сурет интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.