Шардарада тың құлшыныстың тiрлiктерi бар

Шардара ауданы әкімі қызметіне келген Б.Қыстауовтың кереғар діни ағымдармен жұмыс істеуді басты назарда ұстауы тектен-тек болмаса керек. Өңірге танымал елжанды азамат өзі басқаруға келген аумақтағы жағдайды жақсы біліп, елді мекендерге дендеп кеткен қатерлі дерттен ел-жұртын қорғауда шынайы жанашырлықпен жұмыс істеуді қолға алғаны көптің көңілінен шықты. Қазір бұл саладағы жұмыс ауданда тұрақты қолға алынып оның барысы бақылауда тұратын көрінеді.

Шардара қаласы Қ. Аманжолов жалпы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен «Діни ағымдардың алдын алу» атты тақырыпта өткізілген кездесуге Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің бас имамы А.Данияров, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Д.Байбеков, қала әкімінің бас маманы Р.Имашев қатысқан. Сөз кезегінде аудан имамы тәуелсіз Қазақстанның қысқа ғана тарихында еліміздің дін саласы көптеген өзгерістерге ұшырағанын айта келіп, діннің атын жамылған ағымдар мен топтардың діни сауаты төмен жастарды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгергенін ашына айтып өтті. Халқымыз «Іштен шыққан жау жаман» демекші, мұндай кереағар діни ағымды ұстанушылар Исламның атын жамылатындықтан, тек қана атын жамылу емес, тіпті діни мәтіндерден (Құран және хадис) өздерінің істеріне дәлел келтіруге әрекеттенгендіктен, олармен күрес басқа жат діни ағымдармен күресуге қарағанда өте күрделі және нәтижесі барынша төмен болатындығын дәлелді де, дәйекті сөз етілді. Тыңдаушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.

Сондай-ақ, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің бастамашылдығымен Шардара қаласындағы «Абай» алаңында «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз!» атты акция өткізілді. Акцияның басты мақсаты жастар бойында кереғар діни ағымдар мен секталарға қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылды. Акцияға аудан жастары, №16 колледж студенттері, жалпы орта мектептің жоғары сынып оқушылары, ардагерлер, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.

Бұл акцияда аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық прокуратураның қызметкері Н.Елшібеков, облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің теолог маманы Ұ.Алиакбарұлы, Шардара қаласындағы «Әбу Мансур әл-Матруди» мешітінің бас имамы Н. Шәдекұлы және Б. Соқпақбаев жалпы орта мектебінің мұғалімі Н.Ділдабековтер сөз сөйлеп, олардың жастарды діни ағымдардан аулақ болуға, әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан діни сараптамадан өткізілмеген діни әдебиеттерден, әлеуметтік желілердегі діни уағыздардан сақ болуға шақыруы әсерлі болды.

Осы акция барысында №16 колледж студенттері тарапынан флешмоб ұйымдастырылса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, спорт мектебінің оқушылары әр түрлі спорттық жаттығулар көрсетілімін көптің тамашалауына ұсынды.

Акцияның екінші бөлімінде алаңға жиналған жастар аудандық мәдениет сарайында дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алуға бағытталған «Адасқанның айыбы жоқ» бейнефильмін тамашалады. Акция соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен дайындалған «Дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтанайық!» тақырыбымен шыққан брошюралар тарқатылды.

Шардара ауданы Ақшеңгелді ауыл округі «Ақ алтын» жалпы орта мектебінің ұжымы және жоғарғы сынып оқушыларымен «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу» тақырыбында кездесу ұйымдастырылған. Кездесуге Ақшеңгелді ауыл округінің әкімі О.Сахов, Шардара аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудан имамы А.Данияров, Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы, дінтанушы Д.Байбек, «Ақ алтын» жалпы орта мектебінің директоры Ә.Момынов, «Ақ алтын» мешітінің қызметкері А.Телкозиев қатысты. Кездесуде осынау маңызды мәселеге қатысты жұртшылық өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салған. Кездесу соңында аудан имамы мектеп бітіруші түлектерді «Шымкент» мед­ресе колледжі, «Сарыағаш» медресе колледжіне, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне оқуға түсуге шақырған. Бұл кездесу өзінің мазмұндылығымен де, әсерлілігімен де ерекшеленді.

Шардара қаласы Спорт кешенінде жасөспірімдер арасында діни экстремизм мен терроризмнің  алдын алуға бағытталған кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкері, «Шардара» орталық мешітінің найб имамы Н.Байжанов, мектептің жаттықтырушысы Ғ.Малбасов, т.б.қатысты. Кездесу мазмұндылығымен ерекшеленіп, ерекше әсерлі жағдайда өткізіл­ген.

Осы тақырыптағы кездесу 21 ақпанда Қазыбек би ауылдық округі­нің №13 жалпы орта мектебінде жоғары сынып оқушылармен және ұстаздарымен өткізілген. Өнеге боларлық жиынға «Нағанай ата» мешітінің имамы М.Бименов, Дінтану пәні мұғалімі Д.Фазалова және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ. Әжібековтер қатысқан. Дінтанушы М.Бименов жастардың діни теріс ағымға кіру себебі діни сауатсыздықтың кесірінен екенін ашып айтып, діни мәселеге келгенде сауатты болуға шақырды. Ол сондай-ақ, «жиһад», «шәһид» терминдерінің мағыналарын толығымен түсіндіріп, әсерлі әңгімеледі. Сонымен бірге, «Расында, мүміндер бір- біріне бауыр» деген Құран аятын оқып, мектептерде орын алатын әлімжеттілікті доғару керектігін де талқылап талдап, айтып берді. Қорытынды сөзінде Қ. Әжібеков жастарға рухани азық боларлық нәр беретін сұхбат болғанын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

 

О.Жылқыайдаров.

 «Қазақстан жолы» газеті, №27 (672) 21.07.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.