Бiздiң мақсат – дiни «иммунитеттi» көтеру, халықтың көзiн ашу

Жалпы, халық ағымдардың дұрыс емес екендігін білмесе, көзін жұмып жүре береді. Сондықтан, адамдарды ақпараттандырып отыру керек. Мені бір қуантатын нәрсе, халықпен кездесу барысында дәстүрлі емес діни ағымдарға деген текетіресі барын байқадым. Егер халық үндемесе, онда қорқу керек.

Біздің қоғамда ең әлсіз әлеуметтік буын ол – жастар. Сенгіш, еліктегіш. Себебі, аға буын өкілдерімен салыстырғанда жастар алдауға тез түседі. Үлкендердің көзін жеткізу қиындау. Ал жастар еліктеу­шілікпен, соқыр сеніммен кетеді. Яғни діни иммунитеті әлсіз. Біздің мақсат – сол діни «иммунитетті» көтеру, халықтың көзін ашу. Кездесу өткізгенде жүз адамның оны келсе де мен үшін пайда. Біз кездесуге құр қол бармаймыз, кітаптар таратамыз. Айтпағым, жұртшылық арасында ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек. Себебі, еліміз тек қана бейбітсүйгіш діндерді қолдайды, діни алауыздыққа жол бермейді. Ал бұл мәселенің бәрі діни сауатсыздықтан туындайды. Соның әсерінен көп жастарымыз кері ағымдарға соқыр сенімдермен кетіп жатыр. Бізде өмір сүріп жатқан барлық діндерге бейтарап немесе діни тағаттылық, толеранттылық танытып, құрметпен қарау біздің негізгі бағытымыз болып табылады.

Біздің Қазақстан халқының басым көпшілігінің ұстанатын діні – Ислам. Оның ішінде суниттік бағыт, Имам Ағзам немесе Абу Ханифа мазхабы. Ал енді мұндағы мәселе неде? Ол осы Абу Ханифа мазхабын мойындамай, яғни араб елінен ілім алып келген немесе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарын, ұстаздарын тыңдамай, әлеуметтік желі арқылы өзге ағымның ұстаздарын, шейхтарын тыңдау нәтижесінде адасушылыққа кетіп қалуда. Біздің мақсат – соларды ол ағымдардан бері қарай қайтару. Қазіргі таңда қайтарылып жатқан азаматтардың саны бар. Бұларға біз психологиялық, теологиялық көмек пен құқықтық жағынан қайсысы заңды, қайсысына тыйым салынған, қандай діни әдебиетке тыйым салынбағанын түсіндіреміз. Теолог мамандар олардың бағытының дұрыс емес екендігін, Абу Ханифа мазхабының дұрыс екендігін дәлелдермен көрсетеді. Неге? Өйткені, қазіргі таңда дінтанушылардың ішінде Құранды жатқа білетін мамандар бар. Соларды пайдаланамыз. Олар «мына аятта былай көрсетілген, мына хадисте былай айтылған» деген сияқты дәлелдерді келтіре алатын білікті мамандар. Себебі, оңалту да оңай шаруа емес. Өйткені, ол азамат бір кездескеннен сізге ашылмайды, сенімсіздікпен қарайды. Тез қайтатындай қызыл алманы былай қойып, сары алманы былай орнына қоя салатын дүние емес. Ол ұзақ процесс. Революциялық емес, эволюциялық жолмен қайтарамыз. Азамат адасушылықпен барды. Демек, онда әлі де таңдау бар.

Негізі, өзге ағымға бай азаматтарды және көшбасшылық қасиетке ие, сөзге шешен сондай-ақ спортта жетістігі бар адамдарды, ақындарды, жұлдыздарды тартуға тырысады. Себебі, олардың жүріс-тұрысы жастарға идеал. Соңғы кезекте ғана әлеуметтік жағдайы төмендерді тартуда. Шынайы дінде әлеуметтік жағдайы төмен адамдар бірінші орында тұрады. Ал бұларда керісінше. Бұлар дін емес, құрылым ғой. Бұлардың көп болуы, бөлшектеніп бөлінуі алпауыт мемлекеттерге ыңғайлы дүние. Өйткені, ол сол ағымдарды кіргізіп қояды да, бір-бірімен айқасып, алысып жатқанда соғыс бастап, жаулап алады.

Жалпы, мынау араб елдерін­де болып жатқан оқиғалар мен саяси ойын­дарға біздің азаматтар да қатысуда. Қатысқанда да олар–адасушылықпен барғандар. Екіншіден, дәстүрлі емес ағымдар ол христиандық болсын, исламдық болсын, көбінесе адамдарды өзіне тартуда психологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Яғни мықты арбаушылар гипноз тәсілімен «сен жәннатқа барасың, нағыз мұсылман біздерміз, олар адасушылар» деп әбден санасына құйып дайындайды. Әрі әлеуметтік желілер арқылы да тартады. Сөйтіп, қияли «жаннатқа түсемін» немесе «мен Ислам халифатында өмір сүремін, нағыз шариғат жолымен жүремін» деп адасып сол жаққа барып, нәтижесінде опық жеп жатқандар қаншама. Ал, шын мәнінде ИШИМ (Ирак Шам Ислам мемлекеті) атауымен құрылған әлем мойындамайтын өзінше бір мемлекет. Бұлардың ұстанымы шынайы исламға қайшы. Неге десеңіз, бұлардың жолымен жүрмеген адамдарды қыру керек, жою керек деген қағиданы ұстанады. Ал Ислам сөзінің мағынасының өзі бейбітшілік. Ал бұлар керісінше дінді құбыжық қылып көрсеткісі келеді. Бұл ұйымның артында үлкен алпауыт мемлекеттер жатыр. Бұл жерде — дінмен күресу саясатын ұстанған. Жаңағы кереғар дәстүрлі емес діни ағымдар да дін емес, олар саяси немесе коммерциялық ұйымдар. Дінді саяси құрал ретінде пайдаланып, дін арқылы байығысы келетіндер. Оларда Отан, дәстүр, ұлт деген ұғым жоқ. Зомби болды, бітті. Ислам атын жамылған болсын, христиан болсын, зомбиланған адамның үстіне жарылғыш заттарды асып, жарылыс ұйымдастырады. Оларды керемет пайдаланады. Дін деген өте нәзік мәселе. Дінін сату – ол ұлттық болмысынан ажырау.

Біз Тәуелсіздік алдық, ата дінімізге оралдық деп мәз болдық. Балаларымызды араб елдеріне оқуға жібердік. Араб елдері мен Пәкістан еліне барып, сол жақтағы дұрыс емес бағыттардан үйреніп келді де, біздің ата-бабаларымыз ұстанған бағытты дұрыс емес екен деп шықты. Мәселе сол жерден басталды. Және де біз діни тұрғыдан жетпіс жыл бойы Кеңес одағының тұсында болдық. Атеизм деген ұранмен тәрбиелендік. Ол кезде мұндай ведомство да, мұндай орталық та, маман да, мұндай проблемаға душар боламыз деп ойлаған да жоқпыз. Ал олар біздің рухани кеңістігіміздің бостығын пайдаланып, кіріп кетті. Міне соның нәтижесі қазіргі таңда жемісін беріп отыр. Бірақ, мемлекет бұл мәселеге алаңдаулы болғандықтан дін мәселесін қолға алып отыр. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғаннан кейін дін мәселесінде біраз нәрселерді реттеу қолға алынды. Қазіргі жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы осы заң аясында болып жатыр. Бұрын да заң бар еді, бірақ ол заң 1992 жылы қабылданды. Ол кезде кейбір мәселелерге жіті мән бере алмадық. Жаңа заңның аясында ведомство құрылып, әр облыста дін басқармасы ішкі саясат құрамында жұмыс істеуде. Дінтанушы мамандарды жинап жатыр. ҚазМУ, ХҚТУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚМУ грант негізінде дінтану мамандарын дайындайды. Сол жақтан шыққан мамандар осындай орталықтарда, мемлекеттік қызметте немесе ЖОО-да өзінің қызметтерін атқарып жатыр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса бізде діни мәселеде проблема болмайтын шығар деп ойлаймын.

Мәди Бесбаев,

дінтанушы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары.

 «Қазақстан жолы» газеті, №28 (673) 28.07.2018 жыл.

Фото интернет желісінен алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.