Тұрақтылық – ұлт құндылығы

Кереғар ағымдардың ел бола­шағына, татулығымыз бен тұрақтылығымызға қауіп төндіретіні белгілі. Өйткені мұндай теріс пиғылды ағымдар жастарымыздың рухани тамырынан ажырап, адасуы үшін барын салып бағуда. Сондықтан да деструктивті ағымдар әрекетіне тұтас қоғам болып қарсы тұрып, өңіріміздегі діни тұрақтылықтың сақталуына өзіндік үлесін қосу әрбір ұлтжанды отандасымыздың азаматтық борышы деп білеміз. Осы мақсатта діни экстремизм мен терроризмнің, теріс ағымдар ақпаратының таралуына жол бермеу үшін өңіріміздің бар аймағында көптеген шаралар өткізіліп, дінтанушы мамандар тарапынан оңалту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Бұл ілкімді істерден Отырар ауданы жұртшылығы да қалыс қалған емес. Биылғы жылдың өзінде ауданда жастарды деструктивті ағымдар зардаптарынан сақтандыратын, дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғам дамуына кері әсер ететінін түсіндіретін көптеген кездесулер, пікіралмасулар, дөңгелек үстелдер, флешмобтар т.б. ұйымдастырылды.

Мысалы, аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысына ауыл әкімдері мен имамдар, тиісті сала мамандары, ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы ұйымдастыру бөлімінің маманы Д.Кенжебеков, аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов қатысып, ел азаматтарының діни сенім бостандығын құқықтық қамтамасыз етумен қоса, конфессияаралық қатынастар үйлесімділігі мәселелері де талқыға салынды. Ал Аққұм, Маяқұм, Көксарай ауыл округі әкімдері ауылдарындағы діни ахуал жөнінде және діни мәселелер бойынша, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары туралы баяндама оқыды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Жандарбеков те аудандағы діни ахуалға, әлеуметтік желілердегі теріс діни экспансияға да жан-жақты талдау жасады.

Сондай-ақ ол бұл игі іс-шаралардың жоспарлы түрде жүзеге асырылуы қоғамдағы діни байланысты одан ары нығайтатынын да атап өтті.

Мұнан бөлек аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Қара­қоңыр ауыл округі бойынша жастар инспекторы Ұ. Қонысбекованың ұйымдастыруымен «Ислам–бейбітшілік діні» атты кездесу өткізіліп, жиынға аталған мекеме басшысы Б.Әділханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Жандарбеков пен ауыл ақсақалы С.Олжатаевтар қатысып, түйткілді сұрақтарға  маман­дар тарапынан тұшымды жауаптар алынды. Кереғар ағымдармен күресте жүйелі жұмыстар жүргізілуі керектігін қатерге салды. Сонымен қатар олар жастардың имандылыққа бет бұруын да жақсылыққа жори отырып, интернеттен діни сауатын ашуға ұмытылудың соңы адасуға бастайтынын баса айтты. Ал шынайы діни ақпараттарды теолог мамандар мен мешіт имамдарынан алу керектігі де ескертілді. Қалай дегенде де дін атын жамылған деструктивті ағымдарға қарсы күрес бір мезетке де тоқтап қалмай, жандандырыла беруі тиіс.

Материалды дайындаған Е.ТӘЖИЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.