Жастарға кесапаттың кесiрi тимесiн

Жастарды кереғар ағымдар арбауынан қорғау – маңызды міндет. Ал ол үшін өңір жастары арасында теріс ағымдар идеологиясына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастырумен бірге жүйелі де мақсатты жұмыстар мейлінше жандандырыла түсуі керек. Өңіріміздегі қала-аудандарда да бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық.

Айталық Кентау қаласы көлемінде дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) биылғы жоспарына сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы №1 жалпы орта мектебінде өткен кездесуге топ мүшелері ретінде Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Д.Асқынбай, «Ар-Рахим» мешітінің имамы Б.Акауов, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторының әлеуметтік қызметкері Ә.Қайырбеков қатысып, жат ағымнан сақтану жолдары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілердің жастар үшін қатерлі екенін де атап көрсеткен болатын.

Ал облысымыздағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің Сайрам ауданындағы теолог маманы Ж.Битанов қатысып, Қарасу ауылында ауыл тұрғындарымен болған кездесуде де хақ дініміздің адасқан ағымдармен тамырлас емес екендігі, дінде экстремизмнің жоқтығы жете түсіндірілді.

Жиында ауыл әкімі орынбасары Д.Сыдықов, ауылдың бас имамы А.Аминов сөз алып, бірлікке емес, бүлікке бастайтын деструктивті ағымдардың теріс ниет-пиғылын ашып көрсетіп,  тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ Түлкібас ауданы әкімідігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Мәңгілік ел» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан тұрғындары арасында 15 ауылдық округті қамтыған жат ағымдардың алдын алу мен конфессияаралық келісімді насихаттауды көздейтін кездесулер де сәтті өтіп, халық көп жиналды. Осы тұста бұл ауқымды шаралардың аудандағы Ақбиік, Шақпақ, Жабағылы, Кемербастау, Майлыкент ауылдық округтері мен Түлкібас, Састөбе елді мекендерінде өткенін де айта кетуіміз керек. Бұл кездесулердің баршасында да өңір жастарына діни экстремизм мен терроризмнің ұлттық құндылықтарымызға зор қатер төндіретіні тереңірек түсіндіріліп, ұйымдастарылған пікіралмасуларда әсіресе жастар дініміз бен дәстүріміз хақында мол мәліметке қанықты. Сондықтан кереғар ағымдарға тисінше бөгет боламыз десек, жастар тәрбиесін қашанда назарда ұстап, деструктивті ағымдардың кейінгі толқынға ықпалының алдын алуымыз керек.

Материалды дайындаған Е.ТӘЖИЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.