Дiни экстремизм – опат болудың жолы

Бүгінде қоғамға, ұлтқа, қала берді Тәуелсіздігімізге елеулі қауіп төндіріп отырған жаһандық дерттің бірі – діни экстремизм мен терроризм. Сол себепті де «Діни экстремизмнің алдын алу үшін не істеу керек?» деген сауал өзекті күйінде қалып отыр. Қалай дегенде де жастарымыз теріс ниетті бұл белсенді күштердің шын бет-бейнесін танып, діни ағымдардың кері жағымен де жете таныс болуы керек. Әсіресе, орта білім беру мекемелері мен ЖОО-ларда бұл жұмыс барынша жандандырылуы тиіс, экстремизмге қарсы іс-әрекеттердің негізгі аспектілері де айқын болжануы қажет.

Сонда ғана біз қоғамда қалыптасқан рухани құндылықтарымызды мойындамай, астыртын әрі агрессивті түрде өз үгіт-насихаттарын күшейтуге тырысып баққан жат ағымдар идеологиясына соққы бере аламыз. Өңірімізде өтіп жатқан түрлі іс-шараларда да бұл мәселелер күн тәртібінен түсіп көрген емес. Қайта күн өткен сайын жанданып, аудан, қалаларда ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде.

Мәселен, осы қыркүйек айында Шымкент және Түркістан қалаларынан бастау алған «Біз терроризм мен діни экстремизмге қарсымыз!» атты жастар арасындағы облыстық флешмоб Төле­би, Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс, Кентау қалаларында да сәтті өткізілді.

Мұнан өзге де облыс көлемінде өткізіліп жатқан шаралар аз емес. Солар­дың қатарына «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігі мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі Шардара ауданында ұйымдастырған кездесуді атап өтуге болады.

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында құрылған ақпараттық түсіндірме топ мүшелері Шардара қаласындағы №16 колледж, Шардара мектеп-лицейі, М.Қалмырзаев атындағы №3 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты және М.Әуезов атындағы №1 жалпы орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары, арасында «Жастар жадына–ғаламтор жау» және «Дін және зайырлы қоғам» тақырыптарында кездесулер өткізілді. Кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы, Д.Байбеков еліміздің Ата заңын­да зайырлы, құқықтық мемлекет екендігіміз анық жазылғандығын айта келе мемлекетіміздің рухани тірегіне айналған дәстүрлі ислам дінінің негізгі міндеттеріне тоқталып, түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның басты бағыттарына шолу жасап, түсінік бере кетті.

Өз кезегінде облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ маманы Б.Темірханов қазіргі таңдағы дәстүрлі емес ағымдардың көбеюіне байланысты кейбір жастарымыздың діни сауатының таяздығынан кереғар діни ағымдар мен секталардың алдау-арбауына түсіп, олардың торынан шыға алмай жүргендерін нақты мысал келтіре отырып дәлелдеп, оқушыларға діни ағымдар жөнінде мәліметтер берді. Кереғар діни ағымдардың қауіптілігі, әлеуметтік желілердің жастарға тигізіп отырған зияндылығы жөнінде түсіндіріп, шынайы ақпаратты тек ҚМДБ-ның сайттарынан ғана алуға болатынын ескертті. Сонымен қатар, қоғамымызда орын алып жатқан әр алуан мәселелер де сөз болды.

Ал Түркістан қаласындағы №21 колледжде Түркістан облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен облыс оқушылары арасындағы «Жастар және дін» атты форумға облыстық білім басқармасының бас маманы Қ.Арабов, Түркістан қаласының «Ақмешіт» мешітінің имамы, Түркістан қаласы ІІБ жасөспірімдермен жұмыс инспекторы, сонымен қатар «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Б.Нуриддинов қатысты. Түркістан облысының барлық аудандарынан келген оқушыларды қоғамда, жастар арасында орын алып жатқан оқиғалар толғандыратынын кереғар ағымдар мәселесіне байланысты қойылған сұрақтардан-ақ байқауға болады. Оқушылар көкейде жүрген сандаған сауалдарына сала мамандарынан толыққанды жауаптар алды.

Сондай-ақ Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округіндегі №15 Ш.Қалдаяқов жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған «Діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз» атты 7-11-сыныптар арасындағы жиынға ауыл əкімі орынбасары М.Турманов, «Нұрқожа» мешіті имамы Б.Толеев қатысса, Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылдық округіне қарасты №80 «Машат» атындағы мектеп оқушыларымен «Ғаламтордағы махаббат бомбасы » тақырыбында өткен кездесуді облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы И.Батыр жүргізіп отырды. Жиын соңында оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне орталықта дайындалған кітаптар тарту етілді.

Былайша айтқанда, бұл ілкімді істерден біз Түркістан облысы аумағында теріс ағымдарға қарсы күрестің тың серпінмен жүзеге асырылып жатқанын аңғарамыз. Олай болса өңір жастары да дін атын жамылып жүрген адасқан ағымдардан сақтану үшін өздерінің діни сауаттылығын барынша көтеруге ұмтылып, тәуелсіздігіміздің нығаюы мен еліміздегі конфессияаралық келісімнің берік орнығуына белсене атсалысуы керек. Өйткені ұрпағы ұлттық құндылық­тарымен сусындап, дәстүрлі дінін дәріптеп, рухани жаңғыру жолына бет алған елде қашанда терроризм мен экстремизмге жол жоқ.

Е.ТӘЖИЕВ.

«Қазақстан жолы» газеті, №38 (683) 13.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.